Кеден былығы реттелсе бюджетке 150 млрд теңге кіріс келеді

Қытаймен арадағы кедендік статистикадағы алшақтықты төмендету нәтижесінде ел қазынасына қосымша 150 млрд теңге түсім түседі.

Үкімет отырысында Қаржы министрі осылай деді. Ал шекарадағы былықты ретке келтіру үшін ондағы электронды кезек жетілдіріледі. Сонымен қатар бақылауды жүргізетін экономикалық оперторларға қойылатын талап заң жүзінде күшейтіледі. Ал кеден саласындағы 9 оператор мен ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуға жақын. Осыған мән берген шенеунік, шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару мәселесін де тілге тиек етті. Қазір қаржылық шоттар бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін көп жақты келісім рәсімделді. Халықаралық құқықтық база жасалды.