Соңғы тәулікте қар құрсауынан 259 адам құтқарылды

Соңғы тәулікте қар құрсауынан 259 адам құтқарылды

Соңғы тәулікте елімізде 1400 көлік қар құрсауынан шығарылып, 259 адам құтқарылды. Оның ішінде 30-ы бала.

Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты. Құтқарушылар жолаушылар мен көлік жүргізушілерге алыс жолға шықпауды ескертеді. Ұялы телефонға келетін СМС-хабарламаларға мән беруге шақырады. Айта кеткен жөн, күні кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту еліміздің 10 өңірінде жарияланды. Олардың қатарында Солтүстік және Шығыс өңірлер, сондай-ақ Қарағанды облысы бар. Оңтүстіктің таулы аймақтарында да қауіп сейіле қоймады.

Талғат Уәли, ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

- ТЖМ, ІІМ және жол қызметінің мамандары адамдарға түсіндіріп, жолдың нашарлығына байланысты шығуға болмайтынын айтып, көлік нөпірін азайттық. Осы біз тұрған Нұр-Сұлтан қаласы мен қарағанды арасындағы жолдың өзінде 400-ге жуық көлік жиналған болатын. Жол қозғалысы жаңа ғана ашылды. Жеңіл автокөліктерге өз бағытын жалғастыра беруге болады. Ал жүк көліктеріне әлі шектеу алынған жоқ.