Оралда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау көбейді

Пандемия кезінде Оралда тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі көбейген. Дағдарыс орталығын паналаған әйелдердің көбі отбасылық жанжалдан зардап шеккендер. Кикілжіңге себеп ішімдікке пен жұмыссыздық. Мамандар тағдыр тәлкегіне түскендердің кәсіппен айналысуына да бағыт-бағдар беруге кірісті. Шеберлік сағаттарына жәбірленушілер ғана емес, кез келген тұрғын тегін қатысып, бизнестің қыр-сырын меңгере алады.

Шаһардағы дағдарыс орталығы жуырда жаңа ғимаратқа көшірілді. Өйткені карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі күрт көбейіп, орын тапшылығы байқалған. Былтыр әлеуметтік нысанды 112 адам паналаған екен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 27%-ке өскен. Қазір мұнда 3 әйел мен 4 бала тұрып жатыр.

Дағдарыс орталығының тұрғыны:

- Күйеуім ұрып-соғып, тыныштық бермейді. Шыдамым таусылып, үйден қашып кеттім. Қазір осында уақытша тұрып жатырмын. Мұнда психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Дағдарыс орталығы құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста. Зәбір көрген келіншектерге заңгерлер кеңес береді. Көмек сұрап келгендер арасында өзге өңірдің тұрғындары, тіпті шетел азаматтары да бар.

Талшынай Жүніс, дағдарыс орталығының директоры:

- Қырғызстаннан осы Оралға тұрмысқа шығады. Оның отбасы жағдайы болмағандықтан ол тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, ол үйінен қашып шығып, ішкі істер бөлімінің қызметіне жүгініп, олар бізге орналастырады. «Біздің қаладан емессіз» деп, есікті кілттеп қойып, кіргізбей отырған факт болған жоқ бізде.

Гүлнәз Шәріпова, ЖПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы:

- Былтырғы жылы «ҚР тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңға сәйкес, мыңнан астам тұлғаға қорғау нұсқамасы қойылды. Сексеннен аса тұлғаға қатысты соттың шешімімен ерекше талап қойылды. ҚР ҚК 99-бабымен, яғни адам өлтірумен бір факт орын алды. 106-бап «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша 3, ал 107-бабы, «Денсаулыққа орташа зиян келтіру» 6 факт орын алған.

Жұмыссыз әйелдерге қаржылай грант берілді

Шаһарда әйелдерді жұмыспен қамту және кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Отбасы» орталығы ашылды. Мұнда кез келген қыз-келіншек келіп, сан салаға қатысты сауалдарына жауап ала алады. Сонымен қатар шеберлік сағатына қатысып, кәсіп ашу жолын үйренуге мүмкіндік бар. Арнайы курс нәтижесінде кейбір әйелдер бизнес жобасын бастап та үлгірді.

Бұлды Қасымова, кәсіпкер:

- Оқып «Бизнес бастау» арқылы кәсіпкерлік жөніндегі сабақты, 21 күн барлығы соның ішінде. Соны тапсырып, тесттің қорытындысымен сертификатқа ие болып, сосын мемлекеттік грант алдым 583 400 теңге. Сол грантқа өзіме қажетті құралдарымды алдым. Әуелі салонның қабырғасында аренда алып бастадым да кейін қазір үйде өзімнің бір бөлмемді салон қылып алып, сонда жұмыстанып жатырмын. Иә, үйретіп жатырмын. Осы «Отбасы» орталығынан бірнеше көп балалы анаға үйреткенім бар.

Арухан Жаңбырбаева, көп балалы ана:

- «Отбасы» орталығын естіп, келгеніме үш ай уақыт болды. Үйде отырған аналарға мына жерде «үйренемін, білемін» деген адамға барлық мүмкіндікті жасап қойған. «Балық берме, қармақ бер» демекші, жұмыс жасау керек. Жалғыз жолдасымның жалақысы жетпейді. Сондықтан да қосымша үйге табыс әкелудің көзі ретінде жұмыстанып, жұмыстың нәтижесі де болып жатыр. Мамандар сияқты мен де грант иегері атанып, өз кәсібімді ашқым келеді.

Күні бүгінге дейін шеберлік сағатына қатысқан қыз-келіншектердің тоғызы қайтарымсыз грант ұтып алған.

Мейірхан Жанбозова, «Отбасы» орталығының меңгерушісі:

- Құрақ көрпе, бесік жасауы, қыз жасауы, түрлі тәтті тағам пісіру, тырнақ әрлеу, бет әрлеу деген мастер-кластардан көптеген аналарымыз тегін мастер-кластар алды. Осы күнге шейін «Отбасы» орталығына келгендер саны 2 мыңға жуықтады. Осы қызмет түрлерінен басқа бізде «егов.кз» порталынан барлық қызмет түрлерін тегін көрсете аламыз. Ол ЭЦП ашу, дәрігерлерге тіркелу, балабақшаға тіркелу деген сияқты. Күніне 10-15 адамнан келіп, сол қызмет түрлерін көрсетеміз. 

Мамандар тұрмыс сапасының жақсаруы отбасылық жанжалдың азаюына ықпал етеріне сенімді. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов