Павлодарда хоккейдің болашағы бұлыңғыр болып тұр

Хоккейден Чемпиондар лигасы аяқталуға жақын. Павлодар хоккейшілері Шығыс Қазақстанның "Алтай" клубымен ойнайды. Өкінішке орай, "Ертіс" хоккей клубы аутсайдерлер қатарында. Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы болған клуб екінші жыл қатарынан қарсыластарына есе жіберіп келеді. Оның үстіне клуб құрамынан екі бірдей жетекші легионер кетіп қалған. Ал бас демеушінің хоккей клубын қаржыландыруды тоқтатуы жығылғанға жұдырық болды. Команданың келешегі қалай болмақ?

Павлодарда жасөспірімдер мен балалар арасындағы хоккейді дамытуға мүмкіндік бар. Су жаңа мұз айдыны жас хоккейшілерге берілді. Команда капитаны Артем Губарев хоккейдің болашағына сенеді. Алда кезекті турнир. Сондықтан команда тас-түйін дайын болуы керек.

Артём Губарев, команда капитаны:

– Хоккей спорттың ең қатал түрі. Ол төзімділікті, күш пен батылдықты талап етеді. Біздің мақсатымыз балаларды жеңіске жігерлендіру. Жаттығу кезінде босаңсуға жол берілмейді.

Команданың бас жаттықтырушысы Владимир Оленченко талай ойыншыларды қатарға қосқан білікті бапкер. Ол лайықты команда жасақтаған. Бірақ соңғы екі жылда үздік 8 шәкірті басқа командаларға ауысыпты. Бұл Павлодардың хоккей мектебінің осал тұсы. Өйткені жас хоккейшілерді қолдауға әрі ынталандыруға мүмкіндік жоқ.

Владимир Оленченко, бас жаттықтырушы: 

- Біз қалған балаларға үміт артамыз. Командада қалғаннан кейін жұмыс істеу керек. Қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Жаттығуларды босатуға болмайды.

Бұл жаңа мұз айдыны. Спорт кешені демеушілердің көмегімен салынды. Құрылысы үш жылға созылған нысанда толыққанды жаттығулар жуырда ғана басталды. Жаттықтырушылар алаңның сапасына жақсы баға береді. Хоккей аренасы көңілден шыққанымен спорттың бұл түрі бәріне бірдей қолжетімді емес екен.

Вячеслав Песегов, жаттықтырушы:

– Бір маусымда кем дегенде екі-үш адам келеді. Ол спортты жаңадан бастағандар. Ал ата-аналарының қарапайым коньки, қысқа шалбар мен бас киімді сатып алуға шамалары келмейді. Хоккей таяқтарының өзі орташа есеппен 30-40 мың теңге тұрады. Сондықтан хоккейге қызығушылық зор деп айта алмаймын.

Қазір аймақта спортшыларды арнайы киім үлгісімен қамтамасыз ету жағы қарастырылып жатыр. Ол Республикалық хоккей федерациясы, яғни демеушілер тарапынан шешілмек. 

Жұмабай Ахмұтинов, хоккей клубының директоры:

– Балаларға арналған киім-кешекті әкелеміз деген еді. Оның кімдерге берілетінін мектеп анықтайды. Арнайы үлгідегі киімдер бірінші кезекте жағдайы жоқтарға беріледі.

Пандемия басталған уақыттан бері «Ертіс» хоккей клубын қаржыландыру айтарлықтай қысқарды. Бұл легионерлердің командадан кетуіне әкеліп соқты. Қазір хоккей клубы аутсайдерлер қатарында. Бастапқы позициясына қайта оралуға уақыт керек. Команда басшысы хоккей клубының аяқтан нық тұруына әлі бірнеше ойын маусымы қажет дегенді тілге тиек етті. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат