Талдықорғанда белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жабылудың алдында тұр

Талдықорғандағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жабылып қалудың алдында тұр. Мекеме жұмысын тоқтатса салауатты өмір салтын ұстанып, бас қосатын ғимараттан айрылуымыз мүмкін. Осылай деп, арнамызға зейнеткерлер шағымданды. 

Қаладағы 120-дан аса зейнеткердің бас қосатын бірден бір жері осы. Мұнда егде жастағылар бой жазып, білімін жетілдіреді. Жаңа технологияны қолдануды үйренеді.

Гүлнәр Балқанова, зейнеткер:

- Мұнда ағылшын да үйретіп жатыр, қазақша да үйретіп жатыр. Немісше де үйретіп жатыр. Әмбе спортпен де шұғылданып жатырмыз. Барлық түрімен. 80-нен асқан кісілер йогамен айналысып жатыр. Оның бәрі ауруымыздың бәрін ұмыттырып жатыр. Осы жерден кетпесек екен деген бізде ой бар.

Нұржанат Төрегелдинова, зейнеткер: 

- Үлкен кісілерді былай байқағанда екі үш айдың ішінде өздерін жақсы сезіне бастады. Көп нәрсеге көңілдеріміз көтеріліп, сондықтан ол керек бізге. Ақшаға байланысты мәселені шешіп, бізге көмектессе.

Орталық өткен жылдың қазан айынан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істей бастаған. Сол кезде қоғамдық бірлестік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан екі айға 4 млн теңге грант жеңіп алған. Ал биыл үш жылға 45 млн теңге бөлініп, конкурс жарияланып отыр.

Гүлжан Оспанова, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры: 

- Конкурс қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы «Жас дәрігерлер қауымдастығы» жеңімпаз деп танылған. Олардың жарғысында жас дәрігерлерді оқытумен шұғылданатыны жазылған. Жалғызбасты қарттарға әлеуметтік қызмет көрсететіні туралы айтылмаған. Сондықтан олар мемлекеттік сатып алуға қатысуға хақысы жоқ.

Ал Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынның басшысы конкурс заң талаптарына сай өткізіліп жатқанын әлі оның қорытындысы шықпағанын айтты.

Маржан Мұратқызы, Алматы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: 

- Мемлекеттік сатып алу бүгін шегіне жеткен жоқ. Келісім-шарт әлі жасалған жоқ. Біз оның барлық түгел топтамасын бітіргеннен кейін ол адаммен келісім-шарт жасап, қызмет түрін көрсете бастаймыз. Егер мемлекеттік сатып алу заңдылығына наразылығы болса, тиісті органдарға шағымдана алады.

Басқармадағылар зейнет жасындағыларға алаңдаудың еш қажеттігі жоқ дейді. Өйткені мемлекеттік тапсырысты қандай компания жеңіп алса да егде жастағыларға тиісті қызмет түрі ұсынылатын болады. 

Ш.Қалиден, Қ.Түргенбаев