Алматылық дәрігерлер бір күнде 149 операция жасаған

Алматылық дәрігерлер бір күнде 149 операция жасаған

Мамандар мұндай жағдайдың аурухана тарихында бұрын-соңды болмағанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыдағы №12 клиникалық ауруханасында 21 жыл бойы табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Ерболат Әділбеков қаңтар оқиғасы ешқашан естен шықпайды деп отыр. Дәл осы ауруханада жәй күндері 15-20 адамға операция жасалса, 5 қаңтар күні 149 адамға операция жасалған. Тәжірибелі анестезиолог мұндай жағдай аурухана тарихында бұған дейін болған жоқ дейді.

Ерболат Әділбеков, жоғарғы санаттағы дәрігер:

– Оның барлығы өте ауыр жағдайда түсті. Өйткені оқ жарамен түсті көпшілігі. Пышақталған. Ашық жаралармен. Жарылыстан кейін күйген өте ауыр жағдайда түсті. Осындағы әріптестерге барлығына рахмет. Осылай бір ұжым болып, бір ауыздан барлық жұмыстарды қолдан келгенше, бәріне көмектесілді.

Осындай қиын кезеңде ауызбіршілік танытқан қызметкерлерге аурухана басшыларының айтар алғысы зор. Тек қана дәрігерлер емес, жарақат алушыларға алғашқы көмек көрсеткен медбикелердің де еңбегі ерен. Олар науқастарды сабырға шақырып, психологиялық жағынан қолдауға тырысқан.

Жанар Тұрғанбекқызы, медбике:

Қорқыныш үрей болды, әрине. Біз енді осы мамандықты таңдағандықтан, оны тастап кетіп қалсақ, өте ұят деп ойлаймын. Сол үшін біз ешқайда кетпей, қорықсақ та мысалы, бала-шағалары бар адамдар үйлерін тастап та кетті. Соған қарамастан, ант бере отырып, міндетімізді орындадық деп ойлаймын.

Қаңтардың ызғарлы күндері анттарына адалдық танытқан дәрігерлерге жұрттың да айтар алғысы шексіз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов