Ақтауда медициналық мекеме жұмысшылары қысқартудан қорқып отыр

Ақтауда медициналық мекеме жұмысшылары қысқартудан қорқып отыр

Маңғыстау облысындағы тері-венерологиялық диспансер ұжымы жұмыссыз қалудан қауіптенеді. Айтуларынша, биыл медициналық нысан сенімгерлік басқаруға өткен. Лотты ұтып алған мекеме 5 жыл ішінде ғимаратқа жөндеу жасап, жабдықпен қамтуға міндеттелген. Алайда кәсіпкер диспансерді жаңартпас бұрын, жұмысшыларды қысқартуды шешкен.

Мейірбеке Зәуреш Қожабаева жұмыстан қысқарып, нәпақасынан айырылудан қорқады. Ол диспансерде 15 жылдан бері қызмет етіп келеді. Тәжірибелі маман стационарда науқастарды қарайды. Тері-венерологиялық ауруы бар адамдарға ерекше күтім керек. Сондықтан персоналдарды азайту ақылға сыймайды, дейді.

Зәуреш Қожабаева, мейірбеке:

– Медбикелерден 3 адам істейтін жерге 1 адамды қойып қояды, жұмыс көбейеді. Санитарларда сондай. 1 санитаркамыз поликлиниканы, лабароторияны, стационарды жуады дейді. Бізде псиораздар, грибоктар бар. Әр сағат сайын олардың қабықтары төгіліп, барлық жер бүлініп жатады, сағат сайын оны тазалап тұрады. 12 сағат тазаланбай қалса, ауруханашіріп кетеді, иіс шығып кетеді, инфекция тарауы мүмкін.

Диспансердің басқа да қызметкерлері ертеңгі күндеріне алаңдаулы. Жаңа басшылықтан қысқартуды емес, жаңаруды күткен. Себебі, ширек ғасыр бұрын ашылған облыстағы жалғыз тері-венерологиялық орталықтың жағдайы мәз емес. 2 қабатты 12 жыл бұрын ғана жөндеу жүргізілген. Жыртық-жамауы жеңіл-желпі жасалған. Жабдықтар да тозып тұр. Ал ұжым осы кемшілікті жоюға қызметкерлерден үнемделген қаражаттың жететініне сенбейді.

Қамар Серікбаева, тері-венерологиялық диспансердің бас есепшісі

– Қызметкерлер шыққанда еш пайда көрмейді. Санитарканың ақшасы 60 мың теңге. Оны шығарғанда қандай үнем көреді? Жұмысшыларды босатып, жөндеу жұмыстарын жасап, құрылғылар алуға ол ақша жетпейді ғой. Тектен текке қысқарту болмайды ғой. Жалақымыз 2 млн болса екен. 70 штат болғанымен, 50 адамдай жұмыс істейді.

Елена Химич, тері-венерологиялық диспансердің бас мейірбекесі:

– Біз жаңа басшылық жөндеу жұмыстарын жасайды деп күттік. Атап айтсақ, ПЦР зертхананы жабдықтау, дискамера алу. Вентиляция жасамайды, соны жасау керек. Қабырғалар жарылып жатыр, сырланбаған. Ең сорақысы, диспансер жыл басынан бері қоқыс жинайтын мекемелермен келісімге отырмаған.

Ал диспансерді сенімгерлік басқаруға өткізген облыстық қаржы басқармасы аймақта тозығы жеткен 20 мекеменің жекешелендіріле бастағанын хабарлады. Биыл тері-венерологиялық орталық кәсіпкерге берілген. Келісім-шарт бойынша оған бірнеше міндеттеме қойылған.

Рамир Алекберов, облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы:

– «Қарақия» реабилитациялық орталығы алдағы уақытта сатып алумен 5 жылға сенімгерлік басқаруға алды. Алматыда орналасқан серіктестік. Кәсіпкерге 15 талап қойылды, бастысы - жабдықпен қамту, штаттық лимитті сақтау және мекемені талан таражға салып, бөлмеу керек.

Жеке компания өкілі осы жағдайға қатысты қандай да бір сұқбат беруден бас тартты. Ал персоналдардың жан айқайын естіген атқамінерлер арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.

Асқар Сағымбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Комиссия отырысының қортындысына сәйкес, қазір компания бірде бір қызметкерді заңсыз жұмыстан қысқарта алмайды. Олар алдымен әр жоспарын басқармамен келісу қажет. Сенімгерлік басқаруға беруді қаржы басқармасы жүргізді.

Атқамінерлердің сөзіне сенсек, әзірше диспансер қызметкерлері өз орындарында қалады. Алаңдауға негіз жоқ. Ал кәсіпкер 5 жыл бойы қойылған талаптарды орындауы қажет. Тиісті деңгейде атқара алмаса, онда сенімгерлік басқару үшін келісім-шарт тоқтатылады, әрі қарай сатып алуға құқықтары болмайды.

Айгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев