Әлеуметтік нысандардың мәселесі қашан шешіледі?

Түркістан облысының Сайрам ауданында 2009 жылы пайдалануға берілген мектептің қабырғасы жарылып, төбесінен су кеткен. Спорт залы да талапқа сай емес. Сонымен қатар Қарасу ауылында құрылысы былтыр басталуы тиіс 5 үйдің іргетасы әлі күнге дейін қаланбапты. Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Сайрам ауданына барып, түйіткүлді мәселелермен танысты. Проблема шешіле ме? Депутаттар не дейді?

Қайнарбұлақ ауылындағы екі қабатты мына мектеп осыдан 13 жыл бұрын пайдалануға берілген. Жаңа білім ұясы пайдалануға берілгенде ауыл тұрғындарының барлығы қуанған. «Балам заманауи оқу ордасында білім алатын болды» деп. Алайда ата-аналардың қуанышы көпке созымалды. Мектеп директорының айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын алдымен едені отырса, одан кейін қабырғалары жарылып, төбесінен су аға бастаған.

Мәдина Көшекбай, мектеп директоры:

– Менің өзімнің пікірім, басында бақылау болмаған. Егер басшылық тарапынан қабылдап алған кезінде осының барлығына қарайтын болса, мұндай нәрсе болмас еді деп ойлаймын. Шатырдан бастап, терезе-есік, жылу жүйесі, одан кейін мамандардың түсіндіруінше кеткен жерлерінің барлығына мына қабырғаны алып тастаймызда гипсокартон қоямыз деп отыр. Асхана да жарамсыз. Қорқынышты бізге, қай күні құлап қалады деп отырмыз.

Білім ұясы 2009 жылы 375 млн теңгеге салыныпты. Ал оны күрделі жөндеуден өткізу үшін өткен жылы мемлекеттік сараптама жасалып, жобалық сметалық құжаты әзірленген. «Оған 675 млн теңге қажет» дейді мамандар.

Әлжан Сапарбеков, аудандық білім бөлімі басшысының м.а.:

– Мемлекеттік сарапта сондай қорытынды берген соң сол суммаға жөнделуі тиіс. Жаңа мектеп салу үшін жаңа жерден жер керек. Оны ауыстыру керек, оған уақыт кетеді. Ал мынау күрделі жөндеуді қысқа уақытта бітіруге болды.

Аз ғана уақыттың ішінде қабырғалары қақырап, едені ойылып, төбесінен су кеткен мектептің ішін аралап көрген Парламент Мәжілісінің депутатары мұндай жауапсыздықты бұрын соңды көрмегендерін айтып, бақылауға алатындарын жеткізді.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ата-аналардың мынадай мектепке балаларын жіберуі шынында да үлкен қауіп. Өткен ғасырда салынған мектептерді көрдім. Бірақ мынадай жауапсыздықтф бірінші рет көріп тұрмын. Бұл шынын айтқанда тезірек қарап шешетінмәселе. Түркістан өңірінде мектептердің жетіспеушілігі менің ең бірінші – осы проблеманы көтеремін.

Мәжілісмендер одан кейін өткен жылы Қарасу ауылында құрылысы басталуы тиіс көпқабатты нысанның мәселесімен танысты. Бес қабатты бес үй осы жерден түсуі тиіс еді. «Алайда қаржының қолбайлау болуынан іргетасы әлі күнге қаланбай келеді. Жоба құны 2 млрд 630 млн теңге. Нысан республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қажет етеді»,-дейді құрылысқа жауаптылар.

Бахром Әміржанов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

– 2021 жылы конкурс өткізілдген. Мердігер мекеме анықталған. Қаржы қаралмаған. Қазіргі таңға дейін, қаржы тапшылығына, бөлінбеуіне байланысты осы жоба іске асырылмай отыр. Осыны іске асыруға ықпал жасауды Парламент Мәжілісінің дептаттарынан сұранып отырмыз.

Депутаттар түйіткілді мәселелердің барлығын назарға алып, Парламент отырысында міндетті түрде көтеретіндерін жеткізді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов