Петропавлда мәдениет үйінің шатыры опырылып түсті

Петропавлда мәдениет үйінің шатыры опырылып түсті

Петропавлда мәдениет үйінің шатыры опырылып түсті.

Оқыс оқиға кешке кешкі сағат сегіз кезінде болған. Зардап шеккендер жоқ. Негізінен бұл ғимарат өткен ғасырда пайдалануға берілген. Қазір әбден ескіріп, бұзылып жатыр. Біздің арнаның тілшілері былтыр күзде осы мәселені көрсеткен еді. Дегенмен 8 айдан астам уақыт өтсе де, өнер ордасы сол күйі жөнделмеді. Былтыр маусым айында мұнда техникалық сараптама жүргізіліп, нысан апаттық деп танылған.

Қазіргі таңда қалалық мәдениет үйінде 27 шығармашылық ұжым бар. Мектеп жасындағы 500-ден астам бала түрлі үйірмелерге қатысады. Қазір олар жалдамалы ғимараттарда айналысуға мәжбүр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен ай сайын 600 мың теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

– Былтыр 14 маусым күні біз мәдениет ошағының бес бірдей тіреуі майысқанын анықтадық. Кеше төбесі құлап кетті. 500 шаршы метр аумақ бүлінді. Қазір жобалық- сметалық құжаттар сараптамадан өтті. Қалалық әкімдікпен облыстық мәдениет басқармасы мәслихаттың кезекті сессиясына күрделі жөндеу жүргізу үшін қаражат бөлу туралы өтініш берді. Кейін конкурс жарияланады. Бәрі жақсы болса, наурыз айында жұмыстар басталуы мүмкін. Бұл мақсатқа 108 миллион теңге қаржы қарастырылмақ.