Ақтөбе облысында интернет-алаяқтық бойынша мыңнан астам қылмыстық істің тек бестен бірі сотқа жолданды

Интернетте әккі алаяқтар қаптап отыр. Әлеуметтік желілер мен түрлі сайттар арқылы талайдың аузын аңқитып кететін қулардың дені шетелде отырып, өз ісін тындыра береді.

Бір ғана мысал: интернет алаяқтығы бойынша Ақтөбе облысында былтыр тіркелген мыңнан астам қылмыстық істің тек бестен бірі ғана сотқа жолданған. 

Аты-жөнін жарияламауды өтінген бұл жәбірленуші бір сәтте үш бірдей банкке берешек екенін біліпті. Әдеттегідей қаржы ұйымының қауіпсіздік қызметінен деп, телефон шалған бейтаныс адам кейіпкерімізді алдап соғып, банк картасының құпия кодын алған. Бұл ақпарат заңсыз интернет аударымын тоқтату үшін қажет деп түсіндіріпті. Ақтөбелік тұрғын алаяқтың арбауына түскенін санаулы сағаттан кейін білген.

Жәбірленуші:

- Ол хабарласқан кезде мен жұмыста болдым. Менің атымнан кредит алынып жатқандықтан және оны аннулировать етеміз дегендіктен мен не істерімді білмей қалдым да алдыңғы және артқы CVV-кодты айтып бердім. 3 сағаттан кейін менің телефоныма сообщение келді. Үш бірдей банктен 3 миллион теңге алып тастаған екен.

Полицейлер заманауи технологиялар дамыған сайын алаяқтық түрлері де артып келеді дейді. Несие рәсімдеу немесе жеке есеп-шоттағы қаржыны жымқыруды айтпағанда түрлі мүлік саудасында да тақырға отыратындар көп. Сондықтан пәтер немесе көлікті алыпсатар алдында құжаттардың заңды екендігіне көз жеткізіп, саудаланған тауар қолға түскеннен кейін ғана ақысын төлеу керектігін еске салады.

Қалдығали Мейірманов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Интернет алаяқтар өзі шекара таңдамайтын өзінің ерекшелігі бар. Және де интернет желісінде аталған төлемдер көбіне үшінші тұлғалардың есеп-шоттарына түседі. Одан кейін көп жағдайда шетелге сан түрлі электрондық кошелектер, электронды ақша түрлері бар, сондай есеп-шоттарға аударылып кетеді ақша.

Мамандар алаяқтық соңғы жылдары негізінен онлайн формаға көшкендігін айтады. Мәселен, қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша былтыр Ақтөбе облысында 1612 іс тіркелсе, оның 1181-і интернет арқылы жүзеге асқан. Биылдың өзінде белгілі болған жүзден астам жәбірленушінің 73-і де сол әлемдік желіде сан соғып қалғандар. Сондықтан полицейлер кез келген күмәнді ақпаратты саралап, бейтаныс адамға құпия мәліметтерді бермеу қажеттігін еске салады. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков