Қызылордада құс фабрикасы қашан ашылады?

Қызылордада құс фабрикасы қашан ашылады?

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында екі жыл бұрын ашылуы тиіс, құс фабрикасы салынып бітпеген. Құны 1 миллиард теңгеден асқан жобаның 49 проценті мемлекет тарапынан қаржыландырылса, қалғаны кәсіпкердің үлесінде болатын. Өңірдің индустриялындыру картасына енген жобадан шикілік шыққан. Жаңа фабриканың игілігін жұрт қашан көреді?

Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылынан салынып жатқан құс фабрикасының құрылысы 2017 жылы басталған. Мемлекет пен кәсіпкердің бірлескен жобасы 3 жылдан кейін аяқталуы керек еді. 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылып, жылына 1 жарым мың тонна құс еті өндірілуі тиіс болатын.

Асылбек Көздібаев, мердігер мекеменің өкілі:

– Негізі жоспар бойынша 2020 жылы біту керек, осы пандемияға байланысты 2 жылға шегерілді. Бастапқы сметаға жасалған бағамен қазіргі доллордың курсына шаққанда құрылыс материалдарында, басқа да өзгешеліктер бар.

Балапандарға арналып 6 қора-жай салынған. Мұнда 240 мың бас тауықты күтіп-баптауға болады. Одан бөлек инкубациялық және сою цехтарының да құрылысы аяқталған. Мемлекет тарапынан толық инфрақұрылыммен қамтылып отыр. Алайда ғимараттар толық салынып болғанмен, шетелден жеткізілетін соңғы үлгідегі құрылғылар әлі орнатылмаған. Фабриканы межелі уақытында іске қосуға кедергі болған жайды мамандар былай түсіндірді.

Еркебұлан Әбдікеров, Қармақшы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Бизнес план бойынша жасалған жобада 1 млрд 100 мың теңге жоба құны сондай болған. Енді одан кейін экспертизаға өтіп, қорытындысы шыққан кезде 1 млрд 900 млн-ға шығып тұр. Сол екі ортада 800 млн теңге қаржы бизнесплан мен екеуінің ортасында ауытқу шыққан. Соған байланысты есептесу, қосымша проектіні қайта қарау жұмыстары жүргізілді.

Тиісті есеп-қисаптан кейін кәсіпкерге мемлекет тарапынан тағы да 950 миллион теңге жеңіл пайызды несие беріліпті. Бұл қаражатты 7 жыл көлемінде 7 процент үстемемен қайтаруы тиіс. Бүгінде аталған соманың 30 проценті бөлініп, құрылғылар сатып алуға тапсырыс берілген. Осылайша биылғы жарты жылдыққа дейін Қармақшы ауданындағы алғашқы құс фабрикасы іске қосылады,-деп сендірді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов