Байқоңырдағы ауруханада алғаш рет күрделі хирургиялық операция жасалды

Байқоңыр қаласындағы қазақстандық көп бейінді ауруханада алғаш рет күрделі хирургиялық операция  жасала бастады. Қатерлі ісікке шалдыққандарға да көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар, дейді мамандар. Бұған дейін жанына шипа іздегендер облыс орталығы мен өзге қалалаларға сабылатын.

46 жастағы Гүлсара Тұрабаеваның 5 баласы бар. Жалғыз басты ана. Үш ұлы науқас. Балалары үшін бәйек болып жүріп, өзі де қант диабетіне шалдығыпты. Көп ұзамай қалқанша безінің қызметі бұзылғанын дәрігерлер анықтаған. Әдетте мұндай науқастар облыс орталығына немесе өзге қалаларға барып ем алатын. Бұл жолы Байқоңыр қаласындағы қазақстандық ауруханада операция жасалған.

Гүлсара Тұрабаева, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

- Кейде түнде түншығып қаламын. Егер мен түнде тұншығып қалсам, балаларымды кім қарайды? Операция жасайсыз ба, дегенде қарсы болған жоқ. Бірақ ескертті маған, дауысыңыз жоқ болып кетеді кейде, өзгеруі мүмкін. Мен сол дәрігерге сеніп, операция жасады.

Осылайша Гүлсараның қорқынышы сейілді. Бірер күнде балаларының қасына барады. Байқоңыр қаласы мен іргедегі елді мекен тұрғындарының да тілегі осы. Әр қалаға сабылмай жақын жерден дертке дауа табылса, дейді олар. 

Мырзаш Бодықов, Төретам кентінің тұрғыны:

- Мынау Ақай бар, мына жерде Төретам бар. Өзі бірталай адам бармыз. Осы аурухана кімдікінен кем? Осыған құралдарын берсе, доғдырлар жіберсе жақсы. Осы жерден балаларымыз кетеді. Ол жаққа барып, бірдеңе болмай қалады, ешқандай емделмей қайтып келеді.

Байқоңыр қаласындағы көп бейінді ауруханадан жалпы хирургия бөлімінің ашылғанына 2 жыл болды. Алайда күрделі операциялар тек соңғы 2 айдың көлемінде ғана қолға алына бастаған. Оған дейін білікті маман болмаған. Енді онкологиялық науқастарға да операция жасауға мүмкіндігіміз бар, дейді дәрігерлер.

Шахмарат Оспанов, хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Жылдың басынан 3-4 науқас болды онкологиялық науқастар. Ол қалқанша безі, өкпеге операция жасалып жатыр, өңеш, асқазан операциялары жасалып жатыр. Қазіргі уақытта бүйрек қатерлі ісігіне операция жасауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жалпы хирургия бөлімі деп аталады. Онкологиялық науқастарға жасауға болады. Және басқа хирургиялық операция емдерін жүргізуге болады. 

Ержан Игенбаев, бас дәрігердің орынбасары:

- Скриниг жүргіземіз. Сол скринигтің арқасында осы науқастар алын ала анықталып, емделеді. Негізі өткен. Жылы соңғы ноябрьдің есебі бойынша 105 адам болған. Онкология жағынан проблема бар ғой енді. Бұрын облысқа жіберетінбіз, қазір бізде мамандар келгесін сонда істейтін оталарды өзімізде қарап, өзіміз істеп жатырмыз.

Соңғы жылдары ауруханадағы мамандар тапшылығы мәселесі шешімін тауып, кардиолог, гематолог, невролог дәрігерлер қатарға қосылған. Сондай-ақ аурухананы орталықтандырылған оттегі жүйесіне қосу және магнитті-резонасты томограф аппаратын сатып алу үшін тиісті шаралар қолға алыныпты. 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов