Петропавлда жаңа нысандарға қуат көзі жетпей қалуы мүмкін

Петропавлда соңғы жылдары құрылыс қарқыны артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты жылу электр орталығының қуаты қаланы тұтас қамтуға жете бермейді. Оның үстіне өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған нысанның қазандықтары әбден тозған.

Андрей Капустин Петропавлдағы ең ірі құрылыс компанияның бірін басқарады. Қазір олар «Жас Өркен» ықшам ауданында аурухана салып жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта жаңа нысандарға қуат көзі жетпей қалуы мүмкін.

Андрей Капустин, құрылыс компаниясының директоры:

– Менің ойымша, қаладағы қазіргі құрылыс қарқынымен жылу қуаты бір жарым, екі жылға жетеді. Мысалы, мына «Жас Өркен» ықшам ауданына жеке қазандық қажет-ақ. Өйткені, жылу электр орталығы тым алыс.

Ал жылу электр орталығының қазіргі жағдайы мәз емес. 12 қазандық әбден тозған. Сондықтан болар, биыл қыста қатарынан бірнеше апат болып, қуат көзі қалаға нашар берілді. Үйлер осылай салына берсе нысан тартпай қалуы әбден мүмкін екенін энергетиктер де мойындап отыр.

Ержан Қоңырбаев, жылу электр орталығының директоры:

- Дефицит болуы мүмкін. Құбырларды да жаңарту керек.

Соңғы жылдары Петропавлда құрылыс қарқын алды. Биыл қалада 34 көпқабатты тұрғын үй кешені салынады. Оның үстіне бұған дейін орталық жылыту жүйесі мүлде болмаған ықшам аудандар сүріліп жатыр. Қуат көзі жете ме жетпей ме, бұл жөнінде әкімдік қызметкерлерінің өз көзқарасы бар.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

- Тапшылыққа ешкім де жол бермейді. Кез келген үйдің салынбас бұрын техникалық шарты жасалады. Онда жылу мен жарық міндетті түрде ескеріледі. Егер де қуат көзі жетпесе, онда рұқсат қағазы берілмейді.

Келер жылы жылу электр орталығында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Инвестициялық жоба бойынша оған 10 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оның өзінде нысанның қуаттылығы 90 гигакалорияға ғана артады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев