Түркістан облысындағы Сауран тұрғындары карьерді игеруге қарсы

Түркістан облысы Сауран ауданының тұрғындары кен орнын игеруге қарсылық білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені карьерлерден қоршаған ортаға келер зиян көп. Қазірдің өзінде жер асты су көздерінің деңгейі түсіп кеткен және оны ішу мүмкін емес, дейді ауыл азаматтары.

Жер қойнауын пайдаланушылар топырақты тым терең қазады. Ал жер асты су көздерінің деңгейі түсіп кетсе аймақта қуаңшылық болуы мүмкін. Өйткені, карьерлердің саны тым көбейіп кетті дейді тұрғындар.

Бердібек Әнетбеков, Шорнақ ауылының тұрғыны:

- Карьерлардың зардабын қара халық көріп отыр. Жер асты суларымыз төмендеп кетті. 18 метрсіз шықпайды. Оның өзін ішуге қорқамыз. Себебі, мына зауыттар 11 метр биіктікте тұр. Біз 11 метр төменде тұрмыз. Мына жерде өлекселер жиналып, машина жуғандары да біздің елге барып жатыр.

Тұрғындар ауыз су сапасына да алаңдаулы. Қазірдің өзінде түсң сарғайып кеткен лай суды тұтыну мүмкін емес. Ал карьерлердің жұмысын ешкім қадағалап жатқан жоқ.

Абай Құнанбайұлы, Шорнақ ауылының тұрғыны:

- Біз елге ие болмай қалғанбыз. Өйткені мынаны қазып жатқанда Батыс Қытай жолына тас алады, сосын кетеді деп ойладық. Сөйттік те жүре бердік. Аяғы не болды қазір. Олар бизнеске айналдырып жіберді. Тас сатады.

Тұрғындар қалыптасқан жағдайға байланысты экология департаменті мен прокуратураға шағымданған. Бірақ еш нәтиже жоқ.

Болысбек Шәріпбеков, Сауран аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

- Біз зерттеу жұмыстарын жасаймыз. Қазір мемактісін тексерудеміз. Сәйкес болмаса жабылады. Бұл туралы біз білеміз. Барлық карьерды аралап шыққанбыз. Егер заңдық құжаттары сәйкес келсе әрі қарай жұмыс істей береді.

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға салынатын айыппұл көлемі қомақты. Егер қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері аса ірі көлемде болса қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дегенмен жыл сайын аймақта дәл осындай ондаған заңсыз дерек тіркеледі. Оңай пайдаға құныққандарды тоқтатар күш табылмай отыр.

Талғат Серікқалиұлы, Рауль Габитов, Ерболат Абишов, Куаныш Абуов