Қызылорда облысы: жел тұрса, жарық сөніп қалады

Қармақшыда электр желілерінің 70 проценті тозды. Оның дені сонау 70-ші жылдардан бері келе жатыр. Содан бері жамап-жасқаумен ғана тұр. Осы ауданда жарыққа жарымай отырған 12 елді мекен бар. Соның бірі – шалғайдағы Қуаңдария. Бұл мәселеге мамандар не дейді? Мәселе қашан шешіледі?

Қуаңдария ауылы Қармақшы ауданының ең шалғай елді мекендерінің бірі. Мұнда 150 үй түтін түтетіп отыр. Мал бағып, егін егіп, ел ырысын еселеген жұрттың басты мәселесі – электр желілерінің жиі істен шығуы. Әсіресе, Шалғасқат және Жеңістің 40 жылдығы көшесінің тұрғындары өркениет игіліктеріне қолымыз жетпей отыр деп налыды.

Эльмира Еңсебай, Қуаңдария ауылының тұрғыны:

– Балаларымыздың сабақ оқуына, компьютер қосуына қиындық туып отыр. Жаз айларында холодильник, морозильник дегенді, кондиционерді қоса алмаймыз. Теледидар енді көре алмай қалатын күндеріміз көп болады. Кешке қарай қаншама халық светті қосқасын, әлсіреп, көп қиындықтар көріп отырмыз.

Жел тұрса жарық жалп етеді. Мамандар үзілген желіні жалғаймын дегенше біраз уақыт өтеді. Осындай күйге түскелі 6 жылдан асты,-дейді тұрғындар.

Салтанат Баймаханова, Қуаңдария ауылының тұрғыны:

– Орталық жақта да арасында бір-екі көшеде бар, бірақ негізінен осы жерде ғой. Трансформаторды алып тастағанына байланысты болып тұр. Негізі бірақ электр желілерін ауыстыруды қажет етеді. Бұрынғы кеңес заманынан қалған нәрселер ғой. Енді заманауи керек қой, барлығы да.

Жарықтың жайын жырлап жүрген тек қуаңдариялықтар емес. Қармақшы ауданындағы 12 елді мекеннің жағдайы осыған ұқсас екен. Жалпы аудан бойынша 900 шақырымнын астам электр желесі болса, соның 70 проценті тозған. Оны әр жыл сайын біртіндеп жаңалап жатырмыз. Қуаңдарияның кезегі келесі жылдың жоспарына енді,– дейді мамандар.

Рустам Ефенов, Қармақшы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Негізгі жоспар бойынша 2023 жылы аталған қосалқы станцияны қайтадан жаңадан немесе соны қайтадан жөндеуден өткізу, сосын бірінші кезекте электр желісін ауыстыруға ұсыныстарымызды беріп қойдық. 2023 жылға күтіп отырмыз деп, жоспарлап отырмыз.

Өткен жылы Қармақшы ауданындағы тұрғындар көп шоғырланған Төретам және Жосалы елді мекендерінің жарық желілері толық жаңартылған. Биыл осы жұмыстар Төребай би мен Иіркөл ауылдарында жалғасын табады. Ал қуаңдариялықтардың 70 жылғы электр желілерімен тағы бір жыл ылаждай тұруына тура келеді.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов