Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасында 40 сантиметрлік мұз тұр

Қызылорда облысында сең жүру кезеңі басталып кетті. Қазір мұз көшкіні Қармақшы ауданынан өтіп, Қазалыға жақындап келеді.

Сырдарияның теңізге құяр сағасында әлі 35-40 сантиметрлік мұз тұр. Кептеліс болып, өзен деңгейі көтерілмес үшін, ертерек аршып қойған жөн. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрекет ету құрылымы Қазалыға орналасты. Секундына 136 текше метр су өткізіп жатқан дария деңгейі қазір қалыпты. Дегенмен, соңғы шолу барысында шұғыл қалпына келтіруді қажет ететін бөгеттер бар екені анықталды. Босаңсуға болмайды. Сала мамандары осылай деді. Қызылордалық құтқарушылар сең жүру процесін өткізіп болған соң қары қалың солтүстік облыстарға аттанады.

Саид Молдақараев, облыс бойынша ТЖД бастығының орынбасары:

- Облыстық негізгі штаб осы Қазалы ауданында құрылады. 100-дің үстінде техника, екі жүздің үстінде адам төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша жұмыстар атқаруға кірісіп жатыр. 101 эвакуациялық жинау, 84 қабылдау пункті төтенше жағдай болып қалған жағдайда елді мекен тұрғындарын жинауға дайын.