Ресей бағытындағы біраз рейс іркілді

Қазақстанның екі әуе компаниясы Ресей бағытындағы рейстерді толық тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық тасымалдаушылар бұл шешімді көрші елдің аумағында сақтандыру өтемінің жоқтығымен түсіндірді. Жолаушыларға билет құны толығымен қайтарылады дейді компания өкілдері. Ресейге әуе бағытын тоқтатқан компаниялар – Air Astana және FlyArystan. Осылайша көп жолаушының көрші елге бару жоспары кейінге шегерілді. Азаматтық авиация комитетіндегілер жағдайдың қашан қалыпқа келетіні туралы алдын ала ештеңе айта алмады. Бұл мәселені шешу үшін қазір Үкімет атсалысып жатыр.

Салтанат Томпиева, ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

– Пандемияға дейін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында 180-ге жуық әуе бағыты болатын. Аптасына шамамен 57 рейс орындалған. 8 наурызда ресейлік әуетасымалдаушылар халықаралық бағыттарын тоқтатты. Оның ішінде Қазақстан бағыты да бар. Министрлік мүдделі тараптармен бірлесе сақтандыру өтелімі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Сарапшылар бұл саладағы сақтандыру шарттарына шекеден қарауға болмайтынын айтады. Өйткені қазіргі ұшақтардың құны тым жоғары. Сондықтан тәуекелге баруға әсте болмайды. Мәселен, «Эйр Астана» лайнерлері лизингке алынған. Осыған қарағанда ұшақтарды лизингке беруші тарап сақтандыру шарттарын өзгерткен болуы мүмкін, дейді мамандар. Сол себепті жаңа келісімге отыру алдында аса мұқият болған жөн.

Дмитрий Душимов, авиация саласының ардагері:

– Беделді әрі сенімді сақтандыру компанияларына бару керек. Мұндай сұрақта атүсті таңдау жасауға болмайды. Әлемге белгілі компаниямен ресми түрде жаңа келісім жасау қажет.