Абай қаласында көп балалы отбасылар жарыққа көп ақша төлеп жүргендігіне шағымданды

Қарағанды облысы Абай қаласындағы көп балалы отбасылар «жарыққа екі есе көп ақша төлеп жүрміз» деп шағымданды. Желтоқсан айында «Нұрлы жер» бағдарламасымен берілген көп қабатты үй әлі мердігер компанияның атында болып шықты. Салдарынан пәтер иелері электр қуатына заңды тұлға ретінде киловатына 36 теңгеден төлеуге мәжбүр.

Гүлдана Аманбекова 5 баланың анасы. Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген үйге тек қаңтар айында кіріпті. Бірақ коммуналдық төлем түбіртегінде тек электр тогына желтоқсан айының 15 мың теңге қарызы тұрған. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін ол енді айлықтың жартысы коммуналдық төлемге кетеді деп алаңдаулы. 

Гүлдана Аманбекова, Абай қаласының тұрғыны:

- Титан жоқ, газплита мен духовка да жоқ. Холодильник пен телевизор свет, соған 15 мың 800 бірдеңе шығып тұр. Мемлекет үйді әлі толық өз атына алмаған ба, сондай бірдеңесі бар, бізді пропискаға да отырғызған жоқ. 

Көп балалы отбасы санаты бойынша баспаналы болған 58 жанұяның барлығы осындай мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Белгілі болғандай, оларға тариф заңды тұлға ретінде есептеліп келген. Яғни электр энергиясына жеке тұлға ретінде киловатына 18 теңгеден емес, 36 теңгеден төлеп отыр. Өйткені жылдар бойы қаңырап тұрған үйді қалпына келтіріп, әкімдікке сатқан мердігер компаниямен арадағы құжаттар толық рәсімделмеген. 

Дмитрий Деревягин, мердігер компания өкілі:

- Біз барлығын тұрғын үй-коммуналды шаруашылық балансына өткізгенбіз. Олар әлі электр энергия таратушы компаниямен келісім жасап үлгірмеген. Сондықтан мұнда тұрып жатқан отбасылар 18 теңгелік тарифпен төлейді де қалғанын біздің компания өтеп беретін болып келістік. 

Ақниет Әбжатов, Абай ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда мердігермен сөйлестік, бізде 1 Кв/т 18 теңге сол бойынша ертеңнен бастап есептегіштегі көрсеткішті аламыз, сол жаққан тоқты халық төлейді, қалғанын кәсіпорын өзі төлейді. Ал наурыздан бастап лицевой счет бойынша тұрғындар ай сайын төлеп отырады.

Сонымен, көп балалы отбасылар тек өздері тұтынған токты жеке тұлға ретіндегі киловатына 18 теңгеден төлейтін болды. Еске салсақ, Абай ауданында қазір мың жарымға жуық адам баспана кезегіне тіркелген. Оның жүзге жуығы көп балалы отбасы.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев