Алматы облысында ауыл халқы ауыз суға жарымай отыр  

 

Алматы облысындағы Қабанбай ауылы тұрғындарының бір бөлігі ауыз судан тапшылық көріп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

13 жыл бұрын елді мекеннің негізгі көшелеріне ғана орталықтандырылған су жүйесі жүргізілген. Қалған тұрғындар әлі күнге дейін құбырдың тартылуын тағатсыздана күтіп жүр. Жетпіс жастағы Нұрасыл Нүкебаев ақсақалдың күнделікті атқаратын жұмысы осы. Өйткені оның үйі тұрған көшеге орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылмаған. Сондықтан қарияның отбасы тіршілік нәрін жерге қағылған құдықтан алуға мәжбүр.

Нұрасыл Нүкебаев, Қабанбай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жағдай осы қарағым. 4 жарым метрден су ішеміз. Мына жағымызда септик, мына жағымызда монша. Құрамын білмейміз. Батцилдер бар ма, бактериялар бар ма? Әйтеуір ішеміз, су жоқ болғаннан кейін.

Бұрындары Үйгентас ауданының орталығы болған ауылда алты мыңнан аса адам тұрады. 2009 жылы елді мекеннің 22 шақырымына ауыз су жүйесі жүргізілді. Ал екі жыл бұрын оның мұнарасы жөнделді. Соның өзінде тұрғындардың тең жартысынан астамы таза суға қол жеткізе алмай отыр.

Алмас Жұмабеков, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бас маманы:

–Ауыл тұрғындарының 45 проценті ауыз сумен қамтылған. Қалған ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту бойынша 22 жылға ЖСҚ әзірлеуге жұмыстар жүргіземіз. 2023 жылға құрылыс монтаж жұмыстарын бастау жоспарда бар.

Ауыл тұрғындарына енді келесі жылдың соңына дейін құдықтың суын тұтынып, төрт түлігін суаруына тура келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев