Коронавирус жайлаған екі жыл

Коронавирус жайлаған екі жыл

Қауіпті індет алқымнан алғанда алғашында абдырап қалғанымыз анық. Елді үрей биледі. Несін айтамыз, бұған сенбеген жандар да болды ғой. Бізде ғана емес, әлемнің өзге елдерінде де мұндай жайт тіркеліп жатты. Титімдей ғана вирус төрткүл дүниені титықтатып тастады. Содан бері міне екі жыл уақыт өткен екен.

Қазақстандағы COVID-19 пандемиясы 2020 жылы 13 наурызда басталды. Бұл індетті алғаш Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі адамдар жұқтырды. 3 сәуірге дейін елдің барлық аймағына таралып үлгірді. 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай 16 наурыздан 15 сәуірге дейін созылады деп шешілді.

2020 жылғы 19 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, адамдардың бұл қалаларға кіріп шығуына шектеу қойылды. Қаладан шыға берістерге блокбекеттер қойылып, тәртіп сақшылары күзетті күшейтті.

Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды. Сөйтіп, 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды. Тіпті әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды.

Маска кию, арақашықтық сақтау, антисептик пайдалану сынды қарапайым сақтық шаралары енгізілді.

Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі пациенттің бұл індеттен сауыққаны белгілі болды. Өкінішке орай, сол күні елордада 64 жастағы Қосшы ауылының тұрғыны коронавирустан Қазақстанда алғашқы болып қаза тапқаны туралы мәлімет жарияланды. Коронавирус пандемиясы елімізге келген күннен басталған бүгінге дейін 13 653 адамның өмірін жалмады.

15 сәуірге дейін созылады деп шешкен Төтенше жағдай Мемлекет басшысының өкімімен 11 мамырға дейін созылды.  Төтенше жағдай аяқталған сәттен карантиндік шектеулер біртіндеп жеңілдеді. Десе де, аурудың өршуіне байлынасыты Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бірнеше мәрте карантин жарияланып, шектеулер енгізілді.

2020-2021  оқу жылдарын оқушылар мен студенттер қашықтан оқып, онлайн білім алды. Мемлекеттік және жекеменшік мекемелердегі қызметкерлердің көбі онлайн жұмысқа көшті.

Дүние жүзін дүрліктірген вирус Ухань штамынан кейін бірнеше мутацияға ұшырады. Елімізде «Альфа», «Бета», «Гамма» «Дельта», «Омикрон» штамдары да таралды. 

Шектеу шаралары әр облыстың эпидемиологиялық жағдайына байланысты кезең-кезеңмен алынып отырды. 

2021 жылдың бірінші ақпанынан бастап елімізде жаппай вакциналау басталды. Ресейден әкелінген Спутник V вакцинасы егілді. Одан кейін елімізде отандық «Казвак» вакцинасы шығарылды. Сонымен қатар қытайлық «Синофарм», «Хаят вак», Американың «Пфайзер» екпелері әкелінді. Бүгінге дейін республика бойынша 9 жарым миллионы екпе салдырды. Қазір денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарына вакцина салу және ревакцинация жұмыстарын жалғастырып жатыр. Десе де, ДСҰ мен ғалымдар коронавирус пандемиясының  нақты қашан аяқталатынын дөп басып айта алмаса да, індеттің биылғы жылы беті қайтады деген болжам жасап отыр.

Айнұр Қуатқызы