Елордада мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеті таратылып жатыр

Елордада мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеті таратылып жатыр
елорда әкімдігінің сайты

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен биыл Наурыз мерекесі «Қайырымды істер» ұранымен өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мереке аясында қалада игі істерге арналған акциялар өткізіліп, мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылады. 1 наурыздан бастап азық-түлік жиынтығын мыңнан астам отбасы алды. Қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға кәсіпкерлер, еріктілер және қала тұрғындары көмек көрсетіп жатыр.
«Ұлттық Наурыз мейрамы қарсаңында азық-түлік жиынтықтары 600-ден астам отбасына таратылды, олардың арасында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жалғыз басты зейнеткерлер мен халықтың басқа да әлеуметтік санаттары бар. Мұндай акциялар 1 наурыз – Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні өткізілді, онда 500-ден астам отбасы азық-түлік себеттерін алды», – деді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайбергенова.

Жалпы елордада қайырымдылық шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ал қарлы күндерде жалғыз тұратын зейнеткерлер мен қарт кісілердің аулаларын күреу жұмысы назардан тыс қалмайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері елорданың 10 мыңнан астам тұрғынына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетілді.