Алматы облысында көктемгі дала жұмыстары басталды

Алматы облысында көктемгі дала жұмыстары басталды. Әзірге оңтүстік аудандардың шаруалары іске кірісті. Жалпы биыл жетісулық диқандар 1 млн гектар жерді игермек. Бұған қоса былтырғы қуаңшылықтан кейін, мал азығы дақылдарының алқабын ұлғайтуды көздеп отыр.  

Егістік алқапқа соқа салған Серік Тұрағалдиевтің механизатор болып еңбек еткеніне он жылдан асты. Қазір ол күніне 20-25 гектарға дейін жер жыртып жүр.

Серік Тұрағалдиев, механизатор:

- Біз үшін әрбір күн маңызды. Таңның атысы, күннің батысы, біз сағатпен санаспаймыз. Топырақ ылғалды кезінде дәнді сеуіп одан әрі қарай культивациясы келеді. Суару келеді. Соларға мына күнді пайдаланып, жыртып алуымыз керек.

Сүт өндірісімен айналысатын серіктестік мың бір жүз гектар жерге жүгері және жоңышқа егеді. Соның тең жартысынан астамы тамшылатып және жаңбырлатып суарылады. Биыл шаруалар жаңа технология қолданылған алқапты 400 гектарға ұлғайтпақ. 

Жәнібек Оханов, шаруашылық жетекшісі:

- Өнімділік бұл жерде бір жарым есе артады. Мәселен, жоңышқаны алып қарасақ бір жарым жылда өндіретін өнімді бір жылда алып жатырмыз десек болады. Үш рет шабатын жерлерді біз бес рет шауып жатырмыз. Жүгеріден 2-3 есе жоғары. Бұрынғы технологиямен жұмыс істегенде 4-5 тоннадан алып жатырмыз. Қазір 15 тоннадан алып жатырмыз. 20 тоннаға дейін жеткізген кездер болды.

Өңірде 1 млн гектарға жуық жер игеріледі. Саладағылар өткен жылғы қуаңшылыққа байланысты мал азықтық дақылдарының алқабын ұлғайтып, қант қызылшасының көлемін 2,5 га кемітпек. Сонымен қатар суару жүйелерін жөндеу жоспарланып отыр. 

Қанат Есболатов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: 

- Биылғы жылы біз министерство арқылы Қызылағаштың каналдарын жөндеуге 8,5 млрд теңге бөлінді. Ол кісілер қазір конкурстың ол біткеннен кейін жұмыстарын бастайды. 2024 жылға дейін Қызылағаштың қоймасынан келер жер қосылатын болады. 

Ирригациялық жүйелер жасалғаннан кейін 11 мың гектар суармалы жер егістік айналымға енеді. Алдағы екі жылда оның көлемі 20 мың гектарға жеткізілмек. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов