Өскемендіктер Наурыз мерекесін қалай атап өтіп жатыр?

Шығыс өңірінің халқы Әз Наурызды қарсы алуға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Концерттік бағдарламалар әзірленіп, игі дәстүр бойынша ақ дастархан жайылды. Өнерпаздар соңғы дайындықты  пысықтап, тұрғындар наурыз көже пісіріп, үйлерін ұлттық стильде безендіріп жатыр. Тілшіміз сөз алады.

БЛИЦ:

- Мейрамға тап болдым. Мына жасалған бұрыш өте жақсы. Қазақтың салт дәстүрін сақтаған. Әдемі қыздар қазақ киімімен тұрған, дастархандағы ұлттық  ағамымыз. Наурыз құтты болсын!

- Қазірдің өзінде мерекенің лебі сезіліп тұр. Біз бұл мейрамды жақсы көреміз. 

Бұл әсем киімдер - жергілікті шеберлердің қолымен тігілген дүние. Соңғы уақытта ұлттық киімдерге деген сұраныс артқан.

Гүлжауар Сәбитова – қазақтың ұлттық бас киім шебері. Бүгінгі күнге дейін мыңдаған тақия тігіп қана қоймай, тарихына да үңілген. Гүлжауар апай Абай, Шәкәрім сияқты қазақтың дара тұлғалары киген тақиялар туралы біледі. Шеберлігімен болашақ келіндермен бөлісуде.

Гүлжауар Сәбитова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Ата-бабамыздың дәстүрін жалғастыруымыз керек. Ұрпақтан ұрпаққа қалдыруымыз керек, үйретуіміз керек. Мен өзім апамнан үйренгенмін. Апамыз ісмер адам болған. Одан кейін Сәруәр әпкем де ісмер. Мынау енді Абая атамыздың тақиясы. Бұл сырма тақия деп аталады. 

Әз Наурыз атап өтетін жұртшылық ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Бұл - ортақ мереке. Өскемен тұрғындары мейрам қарсаңында көшелер мен аулаларын ұлттық стильде безендіруді дәстүрге айналдырған.

Зәремхан Кәрменов, Өскемен қаласының тұрғыны:

Наурыздарымыз, мерекеміз құтты болсын. Өмірлері ңұзық болсын. Өскеменіміз көркейе берсін.

Карантиндік шектеу салдарынан әз Наурыз екі жыл бойы халықтық деңгейде тойланған жоқ. Бұл күндер артта қалды. Шығыс халқы көктемнің жарқын мерекесін кеңінен атап өтуге асық.

Вячеслав Ветлугин, Ақмарал Есімханова және Дмитрий Пыхтин