Бөрлі ауылында жайылымдық жер тапшы – Қостанай облысы

Жайылым жер жоқ. Мал суаты болған жалғыз көл жекенің иелігіне өтіп кеткен. Ауыл айналасы егістік жер. Мал аттап басса болды, иесіне айыппұл салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылының тұрғындары осылай деп шағымданды. Нәпақасын азын-аулақ малынан айырып отырған ағайынның өкпе-назы аз емес. Бөрлі ауылының тұрғыны Талғат Хакімов былтыр күзде 4 сиырына алған шөбі 480 мың тенгеге шығыпты. Соның жартысын әлі төлеп болмаған. Ауыл жұртын мазалайтын басты мәселе – жайылым тапшылығы. Бұрын 20-30 мың бас еркін жайылған аумақта, қазір қой-ешкісін қоса есептегенде мыңға әрең жететін түлікке шөпті жер таппай отыр.

Талғат Хакімов, Бөрлі ауылының тұрғыны:

– Мына жердің бәрі мал жайылатын жер болған ғой. Қазір бәрін айырып тастады. Қазір мынау қораның артына шыққанда ана жерде свалка бар, баяғы лесхоздың свалкасы дейді. Соның артына шықсаң бір-бір шақырым, екі шақырым жерде уже егін. Жазда бұзауларымызды шығара алмаймыз. Бұзауларымыз қорада тұрады. Қысы жазы. Шығардың бітті, жемей , аяғын басып кірді ме, 30 мың штраф дейді.

Мағауия Қалиев, тілші:

Бөрлі ауылының айналасы шамамен екі шақырым аумақ  жағалай егістік. Ол жерлерге мал өтпесін деп, өздеріңіз көріп отырғандай сым тартылып қоршалған. Бұрыннан мал суаты болған көлде осы қоршаудың ішінде қалған.Сондықтан бұл жерлерде жайылым ғана емес су да тапшы.

Мұндағылардың айтуынша, жаз бойы малды үйлерінде суаруға мәжбүр. Ал Бөрліде орталықтандырылған судың текше метрі 500 тенге тұрады. Есептей беріңіз қаншаға шығатындығын. Ауыл әкімінің қолынан келер бар амалы шаруашылық иелерімен келісімге келу. Өйткені бұрын беріліп қойылған жерлерді қайтарып алуға заңдық негіз жоқ.

Алмат Сағынбек, Бөрлі ауылдық округінің әкімі:

– Бір басқа 5 гектардан санасақ, бізге 829 га жайылым жер жетіспейді. Қазіргі уақытта  келісім шартқа отырып, «Бөрлі агро» ЖШС 700 гектар жайлымдық жерін осы біздің ауылдық округке беріп отыр. Бізде 9 шақырым жерде көліміз бар. Сол көлге жол ашылады және де малды сол жерге суаруға болады.

Жайылым тапшылығы бір Бөрліге тән емес. Жалпы Қарабалық ауданы бойынша 20 мың гектарға жуық жайылым жетіспейді.

Руслан Жақыпов, Қарабалық аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Қазір 15 жер телімін анықтап қойдық. Оның жалпы аумағы 4 мың 682 гектар. Одан бөлек мал жайып, шөп дайындауға орман шаруашылығы қорына қарасты жерлерді билетпен алуға болады. 

Ал облыс бойынша 1 миллион 294 мың гектар жайылымдық жер бар екен. Бұл мал басына шаққандағы қажетті көлемнің жартысы ғана.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг