Борышкерлерден қарыз өндіру қиын – Қ.Мусин

Қолданыстағы заңнаманың олқылығынан бүгінде борышкерлерден қарызды өндіру қиынға соғады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған төлем қабілетінің төмендігі де кері  әсер етеді. Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин осылай деді. Былтыр сот орындаушылары 7 млн іс жүргізіп, оның 2 млн-ынан ғана қарыз өндірілді. Министрдің пікірінше, бұл бағыттағы жұмыс біршама жақсарған. Мәселен былтыр алимент төлемеген 316 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды. Ал 2019 жылы 62 адам ғана ұсталған еді. Алайда сот орындаушыларының қызметін жетілдіру үшін талай шаруа атқарылуы тиіс. Мысалы, тараптарды хабарландыру ісі әлі ақсап тұр. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер ақпараттық жүйеге қосылмаған. Шағымдану құқығын пайдалану арқылы борышкерлер мүлкі мен қаржысын жасыруға әрекеттенеді. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін Әділет министрлігі тиісті заңнамаға өзгерістер енгізуді көздеп отыр.