Алматы маңындағы Іргелі ауылында 20 жылдан бері жол жоқ

Алматы маңындағы Іргелі ауылында 20 жылдан бері жол жоқ

Оның үстіне, «ауыз су ішуге жарамсыз, жарық бірде бар, бірде жоқ»,-дейді тұрғындар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты ауылдық округтегі жауапты тұлғалардың да сылтауы бітпейді.

Бұл – Іргелі ауылдық округіне қарасты Жаңа жұлдыз көшесінің жауыннан кейінгі көрінісі. Ойылған жолдар суға толып, көлік өткен сайын жанындағы үйлердің ауласына жайылады. Оразгүл Көбеева көшеден құйылатын лай судан зәрезап болған. «Әр жауыннан кейін су шайып кеткен жиектерді жамап, құм төсеп отырамыз»,-дейді.

Оразгүл Көбеева, Іргелі ауылының тұрғыны:

– Қазір машина өтсе, қазір де су кіреді. Сумен бірге мына тас, құмның барлығы ағып кіреді үйге. Былай өтсе де кіреді, былай өтсе де кіреді, мына көршіме де кіреді, мына көршіме де кіреді . Бұл жердегі су үйге кіріп, азайып жатыр.

Жиырма жылдан бері асфальт төселмеген. Бұл көше Алтын Орда базары мен Іргелі, Көксай ауылдарының арасын қосатын негізгі жолдардың бірі. Адам да, көлік те көп жүретін көшені осы күнге дейін жұрт өз қаражатына жамап келе жатыр. Ал ауылдағы шағын көшелердегі жағдай тіпті нашар.

Базаргүл Жұмаділова, Іргелі ауылының тұрғыны:

– Жылда біз ақша жинаймыз. Біз әр адамнан 25 мың, 30 мың, 20 мыңнан бір жылда 3-4 рет ақша жинаймыз. Әр жаңбырдан кейін  әр үйге кіріп 3-4 адам болып жинап, тасымызды төгеміз.

Ауыл әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, асфальтталмаған көшелердегі үйлер бұрынғы шаруа қожалығының жеріне салынған. Қазір жеке үйлердің құжаттары біртіндеп шешіліп келеді. Тек 4 үйдің мәселесі талапқа сай жол салуға кедергі екен.

Өміржан Апсаматов, Іргелі ауылдық округы әкімінің орынбасары:

– Жолға өтініш бере алмай тұрмыз. Себебі ол жерде жолдың үстіне 3-4 үй түсіп тұр. Ол кісілермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол кісілер өз еркімен нотариус арқылы жолға түсіп тұрған жерлерін мемлекетке өз тараптарынан берсе, біз жол салуға бюджеттік өтінім бере аламыз.

Сол 4 үйдің иесі жолға қажетті жерлерді мемлекетке өткізуге ауызша келісім беріпті. Бірақ нотариусқа барып, заң жүзінде рәсімдеуді әкімдік пен тұрғындар бір-біріне сілтеп отыр.

Бақыт Әшімова, Іргелі ауылының тұрғыны:

– Мен облыс әкіміне де жаздым, облыс әкімі «20 жыл сонда жолсыз отырсыздар ма?» деп таң қалды. Иә, 20 жыл жолсыз отырмыз. Жедел жәрдем келмейді, енді қалай келеді, жолдың сиқын көрдіңіздер. Сонда біз 20 жыл отырыппыз. Енді тағы да 20 жыл отырамыз ба?

Іргелі тұрғындары күн жылынып, жер кепкен соң жол мәселесі жабулы қазан жабулы күйі қалмаса деп тілейді. Әйтпесе, жаз өтіп, күз келсе, тағы да батпаққа бататыны анық. Көпке созбай су сапасы мен электр жарығының жағдайын да шешіп берсе деген ниетте.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев