Петропавлда қармен бірге асфальт та еріп жатыр

Күн жылысымен қала жолдарының шұрық-тесігі шықты.  Кей тұстары опырылып, көлік өте алмайтын терең шұңқырлар пайда болды.

Бұл қаланың қақ ортасы. Ал жолдың жайы мынау. Топырақ құлап, асфальт ойылып қалған. Жүргізушілер басын шайқап өтіп жатыр. Біраздан соң жұмысшылар келіп, шұңқырды қиыршық таспен жауып тастады.

Серік Бекмағамбетов, қала тұрғыны:

- Мына жолдың жайын көріп тұрсыздар ғой, қандай екенін. Мынау масқара ғой.

Бұл Мағжан Жұмабаев көшесіндегі көрініс. Былтыр асфальті алынып, жөндеу жұмыстары басталған. Бірақ бітпеді. Қыста ой-шұңқырлар қармен тегістелсе, көктемде көлкіп тұр. Сондықтан жүргізушілер байқамайды.   

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Жол түгілі, көктемде көпірлер де тесіліп жатыр. Мысалы, былтыр ғана 21 млн теңгеге жөнделген мына бір өткелдің бетон жабындылары ашылып, ойылып қалған. Қазір олар осылай құммен себілген. Бірақ бұл да уақытша амал сияқты.

Қалалық әкімдік қызметкерлері ойылып қалған көшелерді жөндеп жатқан мердігер ұйымдарға айыппұл салған. Ал көпір биыл асфальтталады. Өйткені былтыр қарашада қар жауып, жұмысшылар үлгермей қалған.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Өткен жылы бізде Бөкетов және де Жұмабаев көшелерінде жабық суағарларды салу бойынша жұмыстар басталған болатын. 2 жоба екі жылдық болып есептеледі. Өткен жұмыстардың үлкен бөлігі аяқталды. Тек қана абаттандыру бойынша жұмыстар қалған болатын. Биылғы жылы олар жалғасатын болады. Қазір ауа райы реттелгеннен кейін мына жұмыстар қайта қолға алынатын болады.

Биыл қанша көше жөнделеді? Жұмыстар қашан басталады? Ол жағы белгісіз. Бюджет әлі күнге дейін бекітілмеген. Тұрғындар былтырғыдай жаз өтіп, қара күзге қалмаса болды дейді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев