Алматыда қоғамдық көлік мәселесі шешімін таппай келеді

Алматыда қоғамдық көлік мәселесі шешімін таппай келеді

Таңертең және кешкі уақытта жолаушылар автобусқа сыймай, келесісін күтіп, аялдамада сағаттап тұруға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық мобильдік басқармасы ақпан айының басында «жақын арада автобус паркі жаңарады» деп айтқан болатын. Алайда өзгерген қоғамдық көлік жоқ. Есесіне тасымалдаушы компания қоғамдық көліктердің жаңармауына жолаушылар да кінәлі дейді. Абай даңғылы – қаладағы күре жолдардың бірі. Осы жолдың бойымен 10-нан аса қоғамдық көлік бағыты қатынаса да ертелі-кеш аялдамадан адам үзілмейді. Әсіресе 128-автобус пен 25-тролейбусқа міну мүмкін емес, – дейді жолаушылар.

– Менің күнделікті маршрутым 128. Өте қиын, қазір міне алмайсыз, таңертеңгі уақытта да солай, арасы өте сирек жүреді. Кейбір кездері 40-50 минутқа дейін күтетін кездеріміз болады.

– Қазір енді тұрғын үйлер ЖК-лар қосылған сайын адам саны көбейеді де маршрутқа сыймай қалады. Престеліп, бір аяқпен тұрып, таңертең де солай келеді, кешкісін де солай шаршаған кезде солай қайтамыз.

Сейфуллин даңғылындағы жағдай да дәл осындай. Кешкі сағат 18.20-да өткен 30-бағыттағы автобустың келесісі араға 40 минут салып келді. Ал бағыттың сызбасында жүріс аралығы 10 минут деп көрсетілген. Жолаушылар кейде одан да ұзақ күтетіндерін айтады. Автобустардың кешігуіне кептелістің де әсері бар. Бірақ қоғамдық көліктің жетпейтіні жасырын емес. 

Жанна Нұрсейітова, тасымалдаушы компанияның баспасөз қызметінің өкілі:

– Қала бойынша қоғамдық көлік жетіспеушілігі бар. Қаланың сыртынан адамдар Алматыға жұмыс істеуге келеді. Сондықтан соңғы уақытта қалада халық саны едәуір өсті. Сәйкесінше, қоғамдық көлік жолаушылары да артты. Сондықтан автобустарға адамдар сыймай қалып жатады. 

Таяқтың екінші ұшы да бар. Тасымалдаушы компания өкілі қоғамдық көлікте жолаушылардың жолақы төлемейтінін алға тартты. «Нақты төлемдерді есепке алсақ, біздің автобустарда жолаушылар легінің қалыпты екенін көрсетеді», – дейді ол. Демек бұл қосымша автобусқа қажеттілік жоқ дегенді білдіреді. 

Жанна Нұрсейітова, тасымалдаушы компанияның баспасөз қызметінің өкілі:

– Бағыттардағы автобустардың саны бірнеше фактор бойынша қарастырылады. Соның бірі «Оңай» арқылы төлемдер. Біз тексеріс жүргіздік, қалалық қоғамдық көлікте жолаушылардың 30 проценті жолақысын төлемейді. Ал, қала маңындағы автобустарда тіпті 70 процент жолаушы «қоян» болуды әдетке айналдырған. Демек бұлар есепте жоқ жолаушылар. Ал бұл үлкен проблема.

Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын 21 компания бар. Соңғы рет қалаға жаңа автобустар 2019 жылы алыныпты. Қалалық мобильділік басқармасы ақпан айының басында «автопарктердің жаңаратынын» айтқан болатын. Алайда әзірге ол сөз жүзінде қалып отыр. Сондықтан тұрғындардың «аузы мұрнынан шыққан» қоғамдық көлікке отырудан басқа амалы жоқ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Эдуард Кон