Павлодарда тарихи нысандар жойылып барады

Павлодарда тарихи нысандар жойылып барады

Павлодарда тарихи нысандардың қатары сиреп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары сүріліп кеткен көне ғимараттардың орнын жаңа тұрғын үй кешендері басты. Ескі үйлер мемлекет қорғауына алынбай қараусыз қалған.

Павлодар дәл осындай келбетте революцияны қарсы алған. Ертіс бойындағы шаһар ол кезде ірі сауда орталығы болыпты. 1901 жылғы алапат өрт  ағаштан салынған үйлерді күлге айналдырады. Тілсіз жаудан 450 сәулетті нысан жойылды. Тек бір ғана тастан қаланған сауда үйі бүтін қалыпты. Ғимаратты аман алып қалу үшін тұрғындар толықтай киіз жауыпты. Қазір  мұнда музей орын тепкен. Павлодардың ескі қала аталып кеткен бөлігінде әлі күнге дейін көнеден қалған сәулетті ғимараттарды кездестіруге болады. Бір өкініштісі көптеген ағаш пен тастан қаланған құрылыстардың қабырғасы күйреп, іргесі сөгіле бастаған. Кейбірі бұзылып та кетті. Солардың бірі ағайынды Кожевниковтардың шаштаразы орналасқан ескі үй. Ол Павлодардағы алғашқы қызмет көрсету орталығы болған. Тарихи деректерге сүйенсек, шаштаразға өңірдің тек бай-бағландары ғана барған.

Людмила Курилина, Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

- Олардың танымалдылыққа ие болғаны соншалық, кіру үшін бір жыл бұрын жазылған. Кезінде осы көшеде тұрған Артемий Деровтың өзі осы мекемеге келген болуы керек. Біз қазір сол Деров қиылысында тұрмыз.

Павлодардың өлкетанушылары қаладағы тарихи мұраларды сақтап қалуға барынша күш салып келеді. Бірақ көне ғимараттардың тағдыры жергілікті атқарушы биліктің қолында. Оған қарсы тұруға қауқар жоқ.

Александр Вервекин, өлкетанушы:

- Қаланың әр бөлігінде осы тектес он бес шақты тарихи ғимарат бар. Бірақ соңғы уақытта олардың қатары сиреп барады. Мемлекет осындай нысандарды сақтап қалу үшін қорғау керек дейді. Шын мәнінде ескі ғимараттар қиратылып жатады. Мысалы, «Ливадия» қонақ үйінің іргесі өте мықты. Әдейі бұзбаса өздігінен құлай қоймайды.

Өлкетанушылардың айтуынша, жыл өткен сайын мемлекетпен қорғалатын сәулетті нысандардың тізімі азайып барады. Бұл жастарға аймақ тарихын танытуға кері әсерін тигізіп отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат