Қарағандыда үш қабатты үй сүрілуі мүмкін  

Қалада топан су салдарына үш бірдей үш қабатты үй сүрілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда 60-қа жуық отбасы тұрады. Себебі аталған үйлер Бұқпа өзенінің дәл сағасына салынған. Ал көктемде су жайылғанда ондағы тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілген. Жалпы Қарағанды қаласының өзге де аудандарында күннің күрт жылынуынан аулаларды су басу жағдайлары көбейген. Төлеутай Нығметжанова бұл үйдегі екі бөлмелі пәтерді осыдан екі ай бұрын ғана 18 млн теңгеге ипотекаға рәсімдеп алған. Алайда қуанышы көпке бармай бүгін далада қалдым деп көңілі босап тұр. Бұл үйлерде тұратын 60-қа жуық отбасының барлығының мұңы осы. Небары 2017 жылы пайдалануға берілген баспананың ендігі жәйі қалай болатыны да белгісіз. 

Назгүл Досжанова, қала тұрғыны:

Екі балам бар. Үшіншісіне аяғым ауыр. Қазір далада тұрмын енді тоңып.  Элементарно К-700-тің өзі батып кетті, мына жерге үй салуға болмайды деген сөз ғой. Далада қалдық, кәдімгідей далада қалдық.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

Бұқпаның бойына салынған мына үш бірдей үйдің арасында құтқарушылар мен құзырлы мамандарды, әсіресе, алаңдатып отырған мына бір үй. Ішінде 11 пәтері бар үйдің қазірдің өзінде бір бұрышы ағын судың арасында қалып қойған. Құтқарушылар құм төсеп, қауіпсіздік шарасын сақтап жатқанымен, егер жыл сайын мұндай топан су қайталанса, бұл үй мұнда көп жыл тұрып шыдамайды дейді мамандар.

Кеше кешкісін үй тұрғындарының біразы қонақ үйлерге жайғастырылып, қалғаны туыстарын жағалап кеткен. Ал үйде электр тоғы қиылып, құтқарушылар ағын сумен арпалысып жатыр. Қала әкімі болса алдағы уақытта үйлердің сүрілуі мүмкін екенін айтты. 

Ермағамбет Бөлекбаев, қала әкімі:

3 үйдің бәрі өзеннің арнасында тұр.  Бұқпа деген өзен соның арнасында тұр. Үш үйге де қауіп бар. Бұған енді үлкен сұрақ бар. Заңдылығы тексеріледі құқытық орган тарапынан. Содан кейін барып шешім қабылдайтын боламыз.

Қазір қарғын судың қарқыны әлі де қатты. Осы күндері қаланың өзге аудандарында да жағдай мәз емес. Тіпті көлкіген судан үйлерінен шыға алмай қалған жұртты трактормен тасуға мәжбүр болған кездер болды. Тағы үш бірдей мектеп оқушылары білім ордасына барар жол болмағандықтан уақытша қашықтықтан оқуға көшкен.  Бірқатар жолды шайып кеткен жағдайлар кездеседі. Ендігі кезекте Соқыр, Нұра, Есен, Жарлы, Сабыр қожа, Жаманкөл секілді өзендер арнасынан асуға шақ тұр. Ондағы сеңді қозғау үшін 15-ке жуық жарылыс жұмысы жүргізілген.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев