Шаруалар төрт түлігін сақтандыруға неге асықпайды?

Шаруалар төрт түлігін сақтандыруға неге асықпайды?

Былтыр еліміздің бірқатар аймағын қуаңшылық жайлады. Жүздеген мал қырылды. Тіпті Қызылорда облысының Арал өңірінде төтенше жағдай жарияланғаны да белгілі. Мемлекет тарапынан мал азығын дайындауға субсидия берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда қырылған төрт түлікке өтемақы төленген жоқ. Биыл да еліміздің батыс өңіріндегі су тасқыны кезінде ондаған бас мал өлді. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 168 бас үй жануары өлген. Әсіресе Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылының тұрғындарының шығыны көп. Мұнда 97 үйді су басқан. Қорада тұрған 40 мүйізді ірі қара, бір жылқы және 68 қой-ешкі қырылған. Ал Қаратөбе ауданындағы Шалғын ауылында 50 бас мал суға кеткен. Оның 20-сы осы ауылдың тұрғыны Мереке Шадиярға тиесілі екен. Оның осы шығын үшін өтемақылы алу-алмауы белгісіз. Өйткені ол түліктерін сақтандырмаған. Тіпті жас төлдердің құжаттарын рәсімдеп те үлгермеген.

Мереке Шадияр, Шалғын ауылының тұрғыны:

– Біздің мақсатымыз осы шығынымызды өтеп баспанаға көмектессе. Басқа талабым жоқ. Сосын осы ауылды ұстап отырған біздің мектеп қой, ол да осындай жағдайға ұшырады.  Малды шығарып үлгере алмай қалдық біз. Бұрын мұндайды көрген жоқпыз ғой.

Ауыл тұрғындарының шығынын​ арнайы құрылған комиисия мен тәуелсіз сарапшылар есептейді. Ол үшін тұрғындар аудандық комиссияға арыз тапсыруы керек. Шығынды өтеу аудан немесе облыс бюджеті есебінен жүзеге асады. Сонымен бірге демеушілер қаржысы да тартылуы мүмкін.​

Темірхан Меңдіғалиев​, облыс әкімінің орынбасары​:

– Құлаған үй мен шығын болған мал бойынша өтемақы төлеу немесе қандай да бір материалдық көмек алу үшін ең алдымен құжаттары сай болуы керек. Дегенмен егер тұрғындар бүлінген баспана немесе шығын болған мал өзінікі екенін дәлелдесе, комиссия куәгерлердің растауына жүгіне алады. Мұндай жағдайда ауыл тұрғындарының шығыны​ бюджеттен тыс қаражат есебінен өтелі мүмкін. Яғни облыста меценаттар жеткілікті, волонтерлер да​ қаражат жинаумен айналысып жатыр.

Ал Қызылорда облысында кейбір шаруалар төрт түлікті сақтандыру жолдарын да білмейтін болып шықты. Мәселен, Файзулла Хайруллаевтың 400 бастай жылқысы бар. Ол бала күннен бері ата кәсіппен айналысып жүрсе де, мал басын сақтандыру туралы қызығушылығы болмағанын айтып отыр.

Файзулла Хайруллаев, Арал ауданының тұрғыны:

– Мысалы, мен естимін, бірақ сақтап көрген жоқпын. Мен сиырды сақтайды дегенді естідім, астана жақта. Бірақ мен өзім қара басым, сақтандырып көрген жоқпын, өтірік айта алмаймын. Ондай ешкім жоқ, оған 100 процент Арал бойынша гарантия беремін, бүкіл ауданға. Қызылорда облысында жоқ шығар, керек десең. Мына біздің ауыл жақ түсінбейді көбісі, халықтың. Қалтасынан шығын шығып кетсе, қиналатын сияқты, ол үшін халықты түсіндіру насихаты жақсы жүру керек.

Өткен жылы Қызылорда облысының Арал ауданы маңын қуаңшылық жайлап 600-дей бас мал шығын болды. Ал шаруалар өтемақы өндіріп ала алмады.

Марат Ойнаров, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

–Ауыл шаруашылығы министрлігінің өтемақы төлейтін аурулар тізбесі бар, көтеремдіктен өлгендіктен ол тізбеге ілінбейді. Бұған ешқандай өтемақы төленген жоқ.

Мамандар жануарларды сақтандыруды оның иесі ерікті түрде жүзеге асыратынын айтты. Дегенмен ауыл шаруашылығы министрі бұл саланы дамыту қажет деген пікірде.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Үй жануарларын сақтандыру еліміздегі жаңа қызмет түрлерінің бірі. Ол соңғы 2-3 жыл көлемінде қолға алына бастады. Бірақ бұл саланы біз алдағы уақытта дамыта беретін боламыз.

Мамандардың айтуынша, сақтандырылған мал басы шығынға ұшыраған жағдайда оның құны толықтай өтеледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов