Келесі жылы субсидиялаудың жаңа тетігі енгізіледі – АШМ

Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі фермерлер үшін тегін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен саласында субсидиялаудың жаңа тетігі 2023 жылы енгізіледі. Көкөністер, қант қызылшасын өндіру мен өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша 8,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат заманауи суару жүйелерін сатып алуға, қажетті инфрақұрылымды тартуға жұмсалады. Сонымен қатар өз бизнесін ашқысы келген ауыл тұрғындарына микрокредит беруге 40 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл ең кемінде 8 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Жүйенің барлық іс-қимылдары автоматтандырылады. Бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Жүйе Ақмола облысында пилоттық режимде тестілеуден өтті. Қазір пысықтау жұмыстары аяқталып жатыр.

Сондай-ақ ведмство басшысы өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастағанын айтты. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтан 12-15%-ке төмен бағамен 400 мың тонна бөлінді, бұл былтырмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Көктемгі егіс науқанын уақтылы және сапалы жүргізу мақсатында ауыл шаруашылық техникаларының дайындығы, тұқым мен тыңайтқыштар қоры қайта тексерілді. Егіс науқанына сақадай сай, – деді министр. Әкімдіктердің дерегі бойынша биыл  жалпы егіс көлемі 23,1 млн гектар. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға артық.