Отандық бағбандар алма импортын тоқтатуды сұрады – Түркістан облысы

 

Өз жемісіміз тұрғанда өзгенікін қайтеміз? Жаздың аяғынан қыстың басына дейін елге сырттан алма кірмеуі тиіс. Қазақстандық бағбандар үкіметтен осындай пәрмен сұрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар осы арқылы алма шаруашылығын дамытуға болады де есептейді. Ал енді отандық өндірушілер өздері елді алмамен қамтамасыз ете ала ма? Ол уақта бұл жемістің бағасы қандай болады? Отандық бағбандар үкіметтен елге сырттан әкелінетін алмаға уақышта шектеу қоюды сұрап отыр. Онда да тек тамыз айынан бастап желтоқсанға дейін. Сол аралықта жергілікті алма өсірушілер өз өнімдерін өткізуге мүмкіндік алатынын айтады. Өңірдегі ірі бау-бақша кәсіпорнының негізін қалаушы Болатбек Әлиевтің айтуынша, бағбандардың көбі шығынға жұмыс істейді.

Болатбек Алиев, Бақ шаруашылығының төрағасы:

– Жаз айларының аяқ жағында өнім бере бастайды. Сол кезде сырттан келіп жатқан өнімнің көлемі мен бағасы ана кісілердің жағдайын өте төменге түсіріп жібереді. Ол өз өнімін сату мүмкіндігінен айырылады. Неге біз ол азаматтарға мүмкіндік бермейміз, өзінің өнімін сатуға? Дұрыс па? Мен ойлаймын, осы жағдайды жасау керек. 

Қазір еліміздегі базарлар мен сауда сөрелерінде Қытай, Иран, Польша және Өзбекстаннан әкелінген арзан алмалар толып тұр. Фермерлердің айтуынша, импортқа уақытша тиым салу арқылы отандық өнімге сұранысты арттыруға болады. Әрі шағын шаруашылықтар дамиды. 

Сауалнама

– Кім қандай дәмді жақсы көреді, соны алады. Алманың қызылын ала ма, сарысын ала ма, әлде отандық ала ма, сырттан келгенін ала ма әрікім өзі біледі.

– Жергілікті адамдар негізінен отандық алма сұрайды. Сырттан келген алмадан қорқады. Алмайды.

– Жергілікті өнім жергілікті халыққа тиімді болады.

Бағбандар жергілікті алма пісетін кезде импортқа шектеу қою арқылы бірер жылда еліміздегі алма өндірісін дамытуға болатынын айтады. «Таңдау көп болған кезде баға да төмен болады» дейді. Ал еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бастаманы қолдауға уәде берді. Биылдан бастап елімізде жеміс сақтайтын қоймалар көптеп салынады. Оған мемлекет тарапынан субсидия берілмек.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Ауыл шаруашылығына қатысты кез келген жоба 25% субсидияға ие болады. Демек, сіздің жобаңыздың құны 100 АҚШ доллары болатын болса, оның 25 мың долларын Үкімет субцидиялап береді. Біз Үкіметке субсидия көлемін 50%-ке жеткізуді сұрап, ұсыныспен шықтық. Оны Үкімет қолдады.

Министрлікте осы мәселемен айналысатын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Шаруалардың барлық ұсыныстары ескерілетін болады. Өйткені салада түйткілді мәселелер өте көп. Сонымен қатар бағбандар импортталатын өнімдерге кедендік баж салығын реттеуді ұсынды. Олар нарықтағы импорт құны жергілікті өнім деңгейінде болуы үшін тарифті көтеру қажет деп есептейді. Ал оны Үкімет қолдай ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Самат Нагашбекулы, Нурмахан Бекмуратов