Петропавлда жүздеген үй өртеніп кетті

Петропавл қаласының іргесінде орналасқан саяжай кооперативтерінде болған өрт кезінде жүздеген үй жанып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше тұтанған өртті құтқарушылар бүгін таңертең әрең сөндірді. Қызыл жалынды өшіруге жел кедергі келтірген. Самат Қайырденұлы сабақтасын.Саяжайлардың өртеніп жатқаны жайлы қоңырау кезекші бөлімге кеше кешкі сағат 16-20-да келіп түскен. Содан бері құтқарушылар мұнда еңбек етіп жатыр. Жүздеген үй жанып кетті. 

Олег Дмитриев, қала тұрғыны:

21 жыл бойы саяжайға келіп, демалып жүрдік.  Үйдің ішінде түрлі тұрмыстық техникалармен жиһаздар сақтаулы тұрған еді. Түгі қалмады. Ал қазір оны қайта тұрғызу үшін кем дегенде 1,5 -2 миллион теңгедей қаражат қажет. Қаншама адам жапа шекті. Мемлекет тарапынан көмек болса дейміз.

Қызыл жалын 10 гектардан астам аумаққа жайылды. Ал оны тоқтату қиынға соқты. Себебі өңірде үшінші күн қатарынан дауылды ескерту жарияланған. 

Геннадий Красножённов, «Весна» саяжай қауымдастығының төрағасы:

– Біздің копперативтегі 73 үйдің тек оны ғана қалды. Біз өзіміз жақында электр желісін тартып, тіпті су өткізу үшін 500 метрдей аумаққа құбыр тартқан едік. Бәрі зая кетті. Біздің қауымдастыққа 2 миллион теңгеден астам шығын келді. Жеміс ағаштары жанып кетті. Енді не істерімізді білмейміз.

Жылда осы кезде Есіл өзені тасып, бұл саяжайларды су басып қалатын еді. Ал биыл саяжай иелері өрттен жапа шекті.

Самат Қайырденұлы, тілші:

Осыған дейін мына жерлерде бірнеше үй болған. Қатты өрттің салдарынан олардың күл талқаны шықты. Тіпті қызыл жалынның кесірінен саяжай учаскесі жарықсыз қалды.   

Қазіргі таңда өртің неден шыққаны анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша әзір біреу қасақана немесе абайсызда жаққан деген болжам бар.

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

– Саяжайда өрт сөндірушілерге су алатын жер болмады. Сондықтан коммуналдық қымет бізге көмектесті. Оның үстіне көшелері тар. Біздің техникамыз өте алмады. Абырой болғанда адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Нақты себебі алдағы уақытта белгілі болады. 

Аталған дерекке қатысты арнайы комиссия құрылды. Олар шығын көлемін анықтайтын болады.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

– Саяжай иелеріне акиматтан көмек болмайды. Өйткені бұл саяжайда үйлер салынбайды. Бұл саяжай бай-бақша егуге арналған жер.

Қазір өңірде жауын-шашын жоқ. Жер құрғап тұр. Салдарынан өрт жиілеген. Мәселен, соңғы бірнеше күнде өңірде 130-дан астам шақырту түскен екен.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев