Атырау облысында тозған арналар судың жеткізілуіне кедергі болып тұр

Атырау облысында тозған арналар судың жеткізілуіне кедергі болып тұр

Атырау облысындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында жаз маусымы басталысымен суға деген кіріптарлық басталады.

Себебі қысы-жазы құрғақшылықтан көз ашпайтын аймақта мал-жан мен өндіріске керекті судың бірден бір көзі Жайық өзені. Қазір оның бойында облыстағы 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымының 80 проценті топтасқан. Алайда тамшысы алтыннан қымбат сол тіршілік нәрін тиісті жеріне жеткізу жыл өткен сайын проблемаға айналып барады. Оның басты себебі су арналары тапшы, барының өзі көптен жөндеу көрмегендіктен тозығы жеткен.

Атырау облысындағы егін шаруашылығымен айналысатын 3 аудан мен қала іргесіндегі құрылымдардың тірлігі тікелей Жайық өзеніне тәуелді. Климаты қатал, қыста қар тоқтатылмайтын, жаз бойы жаңбыр тамбайтын өңірдегі мал мен жанға қажетті тірлік нәрі сол өзеннен суландырылатын каналдар арқылы жүзеге асады. Бірақ соңғы 30 жылда сол арналар күтімсіздіктен азып, су тоқтамайтын күйге жеткен.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл су айдау қондырғысы арқылы тәулігіне 95 мың текше метр су айдалады. Шыққан су канал арқылы егістіктер мен көлтабандарға жеткізіледі. Өкініштісі сол, осы көлтабандарға баратын каналдар көптен аршылмай қалған. Cалдарынан иен тегін су текке далаға кетіп жатыр. 

Бейбіт Бисалиев, "ҚАЗСУШАР" РКМ Төменгі Жайық өндірістік учаскесінің басшысы:

- Бұрын канал арнасының тереңдігі 1,5 метр болса, қазір ол 50 см шамасында. Сондықтан жаңағы су барады да тез сіңеді сосын қайта айдауға тура келеді. Кейбір асып кеткен жерлерді жамау жұмыстары жүргіземіз. Егер тиісті тереңдікте болса, ол су сақталып тұрар еді. Су шығыны аз болар еді.

Атырау облысындағы шаруашылықтар суландыру үшін 16 канал жұмыс істейді. Оның 9-ы төменгі Жайық өндірістік учаскесінен су алады. Алайда, іс жүзінде кәдеге асатындары саусақпен санарлық. Мысалы біз аралап көрген «Бақсай» каналының ұзындығы 90 шақырымнан асады. Тозығы жеткен арнаның қуаты тең жартысын ғана сумен қамтып отыр. Былтыр өндірістік учаске 120 шаруашылыққа Жайықтан 68 млн текше метр су айдапты. Ал нақты пайдаға асқаны 50 млн текше метрден асады. Осыны ескерген жергілікті билік каналдарды жөндеу жұмыстарын қолға алған. Бірақ жұмыс баяу жүріп жатыр. 

Сырымбет Кенжебаев, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Аудандық меншіктегі каналдардың «Тереңөзек» каналы 2017 жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Онан бөлек «Алға», «Егіз» каналдарында 2019 жылы күрделі жөндеу басталып, 2021 жылы аяқталды. Енді қалған 3 канал бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасақталды аудандық бюджет есебінен.

Осындай қиындықтарға қарамастан мұнайлы өңір мал басы мен егіс алқабын жыл санап көбейтіп келеді. Былтыр 50 шаруашылық жер телімін алып бизнес бастаса, биыл 24 өтініш қаралу үстінде. Демек, су жеткізілсе, Атырау облысының өз-өзін азық-түлікпен қамтуға толық мүмкіндігі бар. Бұл тағам түрлерінің 60 процентінің сырттан тасымалдайтын өңір үшін өте өзекті мәселе.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев