Петропавлдағы өрттен кейін тұрғындар айып тұрағына кіре алмады

Бұл – қала шетінде орналасқан айыппұл тұрағы. Кеше кешкісін осы аумақта қамыс өртеніп, желдің салдарынан от ішке енген,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше темір тұлпар жанып кетті. Төтенше жағдайды естіген халық, бүгін таңнан осы аумақты торауылдап жүр.  Дегенмен құзырлы органдармен жіргілікті билік ешкімді ішке кіргізбеді.

Игорь Росинский, қала тұрғыны:

– Мұнда тұрғанымызға бірнеше сағат болды. Экономикалық тергеу департаментінің мамандары, полиция қызметкерлері де келді. Әкімдік өкілдері де осы жерде жүр. Бірақ түрлі сылтау айтып бізді ішке кіргізбей қойды.  Қолдарында ешқандай құжаттары да жоқ. Кімнің көлігі жанып кетті, ешкім ештеңе айтпайды. Біздің мүлкімізге зақым келген жоқ па екенін білу үшін арнайы келген едік.

Тұрғындардың айтуы бойынша айыппұл тұрағында ешқандай қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген. Тіпті бірнеше күннен бері мұнда электр жарығы жоқ. Бір миллион теңгеге жуық берешегі бар болған соң, монополистер жарықты қиып кеткен. Салдарынан өрт кезінде айналадағы бейнебақылау камералары да жұмыс істемеді.

Жанболат Батырбеков, қала әкімінің орынбасары:

– Берешек шамамен 900 мың теңгені құрады.  «Коммунхоз» серіктестігінің есеп шоты жабылып, төлемді уақытылы жасамаған соң бірнеше күн бұрын қиылды. Ал мына азаматтардың  тізімі журналда жоқ. Сондықтан біз оларды ішке кіргізе алмаймыз.

Аталған өртке қатысты төтенше жағдайлар қызметі материал жинақтап, оны Петропавл қалалық полиция басқармасына жіберді. Алдағы уақытта қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Дмитрий Растихин, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:

– Төтенше жағдай кезінде 6 көлік өртенді. Оның төртеуіне бүлінді. Қызыл жалынды ауыздықтау бізге қиын болды. Себебі айыппұл тұрағының артына ауыр техникамен кіре алмадық. Жол жоқ. Оның үстіне іштегі көліктер бір-біріне өте тығыз қойылғанын байқадық. 

Ал өртенген темір тұлпарлар негізінен Ресейден Қазақстан аумағына жалған кедендік құжатпен қосалқы бөлшек түрінде жеткізілген. Көлік контрабандасымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтің ісі қазір сотта қаралуда. Және оған қашан нүкте қойылатыны белгісіз. Себебі ол 120-дан астам томнан тұрады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов