Шымкенттегі перзентханаларда орын жетпей жатыр

Қазақтың демографиялық өсіміне айтарлықтай үлес қосып отырған мегаполистің жағдайы осы. 

Жалпы шаһарда бала туу көрсеткіші өскен. Былтырдың өзінде көрсеткіш жылдағыдан 5 мыңға артты. Сол себепті шырайлы қала жаңа перинаталды орталыққа мұқтаж. 

Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби өмір есігін ашады. Бұл көрсеткіш жылдағыдан әлдеқайда көп. Мысалы, өткен жылдың өзінде мегаполисте 33 мыңнан астам бала дүниеге келген. 

Гүлмира Қоңырбаева, перзентхана меңгерушісі:

- Бала туу көрсеткіші өсті. Пандемия кезінен бері ай сайын босануға келетін аналар саны көбейіп отыр. Бір күнде біздің перзентханада 50-60-қа жуық бала өмірге келеді. 

Валентина Зарапина үшінші қызын дүниеге әкелді. Ол көп балалы ана болуды армандайды. Осылайша шымкенттіктер қатары күн өткен сайын толысып келеді.

Валентина Зарапина, қала тұрғыны:

- Үйде екі қызым күтіп отыр. Міне үшінші қарлығашым дүниеге келді. Енді ұлым болса деп армандаймын. 

Қазір Шымкентте 4 перзентхана жұмыс істеп жатыр. Бірақ орынның жетіспеушілігіне байланысты жаңа босанған аналар үйлеріне ерте шығарылады. Десе де, бұл күрмеулі мәселенің шешімі емес. Мегаполиске тағы бір перинаталды орталықтың қажет екені рас.

Сәуле Дүйсенбаева, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір бізде акушерлік төсек-орын жетпейді. Болашақта жаңа перинаталдық орталық құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ қазір салынып жатқан көп бейінді ауруханаларды босандыру бөлімшелерімен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Қазір 153 анаға шақталған қалалық перзентхананы ұлғайту көзделіп отыр. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл жеке перинаталды орталығы бар көп бейінді аурухана болмақ. Шымкенттік аналар халық санының өсуі жағынан алдыңғы орында тұрған шаһарда тағы бір перзентхана салынады деп үміттеніп отыр.

Асланбек Шығыр, Катерина Попкова