Нұр-Сұлтанда әлемдік аламанға дайындық қызу жүріп жатыр

Роксана Рамазанова – 14 жаста. 9-сыныпта оқиды. Кішкентайынан әртүрлі құрылғыларды бұзып, жинап, оның құрылымын зерттеуге қызығып өсті. Ата-анасы да қолдап, инженерлік бағытты тереңдете оқытатын мектепке берді. Енді, міне, көп ұзатпай өзін үздік қырынан көрсетіп, әлемдік аламанға жолдама алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Роксана Рамазанова, республикалық байқаудың жеңімпазы:

– Сабақтан кейін біз осы сыныпта қаламыз және біреу код жазады. Екіншілері роботтарды қайта құрады. Ал, үшіншілері, яғни, дизаинерлер істеп жатқан жұмыстарды документке жазып, осының барлығын түгендейміз.

Роксанадан бөлек командада тағы 8 оқушы бар. Барлығы аз уақытта арнайы робот ойлап тауып, оның мүмкіндіктерін жетілдіре түсуі керек. Сондықтан күнделікті сабақтан кейін, ал, демалыс күндері таңнан қара кешке дейін осы жерде дайындалады.

Әлихан Есалы, инновациялық мектеп мұғалімі:

– Негізі сенбеуіңіз мүмкін. Роботты көбіне идеясы мен дизаинын балалардың өздері ойлап тауып жатыр. Мен тек қай жерден қиналады, сол жерде ғана көмектесем. Көбіне олар өздері идея құракстырып, өздері керекті жабдықтар құрастырып, соның бәрні өздері ойластырып жатыр.

Дүниежүзілік доданың өзі сәуірдің соңында Американың Хьюстон қаласында өтеді. Ел намысын қорғайтын ұл-қыздар соңғы дайындықтарын пысықтап, бірер күнде жолға шығады. Биылғы бәсекеге Қазақстаннан 4 команда қатыспақ және әрқайсысы жүлдеге ілігуден дәмелі.

Әнуар Ұнайбеков, инновациялық мектеп директоры:

– Біздің балалар алғаш рет қатысқалы тұр. Сондықтан қолдан келгенше қолдау танытып, мотивация беріп жатырмыз. Жақсы өнер көрсетеді деп үміттеміз. Бұл үлкен көштің басы ғана. Мектебімізде инженерия деген бөлек пән бар. Робот құрастыру үйірмесі жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды одан сайын жетілдіп, техниканы тілін жетік білетін толқын дайындағымыз келеді.  

Айта кету керек, нысандарды өздігінен танитын және қажетті жерге таситын робот өте аз уақытта жасалды. Оның дизаинын жасауда және арнайы алаңқайды безендіруде ұлттық нақытшағы элменттерді ескереміз дейді команда жетекшілері. Әлемдік олимпиаданың жалпы қортындысы 24 сәуірде белгілі болады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Аят Дүйсенбаев