Шымкентте техникасы жоғалған кәсіпорын жұмысын тоқтатты

Шымкенттік кәсіпкер жалпы құны 150 мың доллар болатын төрт бірдей техникасынан айрылып қалды. Олар Қытайда арнайы тапсырыспен жасалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда екі жарым ай күтіп елге жеткен көліктерді Алматы қаласында белгісіз топ ұрлап кеткен. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген процентпен несие алған кәсіпкер инновациялық өндірісті келесі айдың басында іске қосуды жоспарлапты. Зауыттың құрылысын қыс бойы жүргізіп, үй салуға арналған қыштың жаңа түрін құрылыс маусымына дайындауы керек болған. Алайда тапсырыспен арнайы жасатылған техника қолды болып, жер сипап қалды. Енді ісі тұралаған өндіріс орны құзырлы органдардан көмек сұрайды.

Олег Югов, кәсіпорынның техникалық директоры:

– Құрылыс маусымына үлгереміз деп қыс бойы осы зауытты салдық. Қарызға банктен ақша алып, кредитный линия ашып біз зауыт салдық. Енді мамыр айына дейін жұмыс басталып, зауытты қосуымыз керек еді. Енді биыл үлгереміз бе, жоқ па білмей тұрмыз. Техника жоқ.

Ауыр техникалардың қолды болғанын естіген зауыт өкілдері оқиғаның күмәнді тұстары көп, – дейді. Төрт бірдей алып көлікті түскі уақытта алаңсыз айдап кету әккі топтың ұйымдасқан тірлігі деп отыр.

Жанайбек Сопаев, кәсіпорын қызметкері:

– Бұған дейін де осындай жағдайлардың болғанына сенімдімін. Себебі бұл – алаяқтықты кәсіп еткендердің ісі. Жүргізушімізді алдап, техниканы түсіріп алып отыр. Біз бұл жағдайды ертесіне ғана біліп отырмыз. Естіген бойда көлікпен жетіп келдік.

Аталмыш оқиғаға байланысты облыстық полицияның өкілдері тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігімен тіркеліп, жедел іздестіру тобы құрылды.

Әбілтай Әбенов, Алматы облысы ПД ресми өкілі:

– Шымкент қаласына жолға шыққан уақытта күдікті тұлға жүргізушіге техниканы Іле ауданы Чапаев ауылында орналасқан дүкеннің алдына түсіріп, өзіне қайта Қорғас бекетіне қайтуға нұсқама берген. Чапаев ауылында қалдырылған төрт арнайы техниканы белгісіз тұлғалар алып кеткен. Қазіргі таңда қылмысты ашуға бағытталған тергеу амалдары және жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. 

Өндіріс орнының өкілдері қылмыстық іске қатысы бар кінәлілер толық анықталуы тиіс деп есептейді. Елімізде құрылысқа қажетті материалдарды өндіруші орындарды ашуға қолдау көбейгенде, қасақана қыспаққа алушылар тыйылуы керек деп отыр. Сондықтан құзырлы органдарға арыз беріп, ел Президентінен көмек сұрайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы