Аралдан айырылсақ, Қызылорда облысын елестету мүмкін емес – Сенат депутаты

2005 жылы солтүстік Аралды сақтап қалу үшін салынған Көкарал бөгетіне қауіп төніп тұр. Ұзындығы 13 шақырымдық алып тоспаның жарты шақырымдайы сумен желініп, теңіз толқыны бөгет қорғандарына зақым келтіре бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гидронысанды жөндеудің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, құжаттары дайын. Бірақ сараптамасы тым созылып кетті, – дейді мамандар. Одан бөлек Сырдария мен Аралға су өте аз мөлшерде жетеді. Тіршілік нәрі жеткіліксіз болса қуаңшылық зардабы ауыр болмақ. Орта Азияға ортақ Сырдарияны пайдалануда мәселе ұшан-теңіз. Өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзеннің жолай ретсіз іркілетін тұстары көп. Тіршілік нәрін белгілеу, бөлу, есептеу автоматты түрде жүйеленбегендіктен ашықтық пен әділдік жоқ.     

Мұрат Мұхамедов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Су пайдаланушы республикалардың бірде-біреуі суды тиімді пайдаланбайды. Бізге келе жатқан судың 60% шығынға ұшыратамыз. Еуропалық мемлекеттерде 160-180 литр су пайдаланатын болса, бізде 25 мың литр су 1 гектарға пайдаланамыз. Қараңыздар қандай шығын. Аралдан айырылсақ, Қызылорда облысын елестету мүмкін емес. Күріш те керек, бірақ Аралдан айырылсақ мұнда халық тұруы мүмкін емес. Сондықтан келер ұрпаққа Аралды қалай қабылдап алдық, жақсы түрде тастап кету басты парызымыз.

Өткен жылы әр ауданнан жем-шөп сұрап, қыстан әупірімдеп шыққан шаруалар өз қотырын өзі қасуға көшті. Мал азығын теңіздің маңайына егіп, өз күшімен орып алған тиімді екенін енді түсінгендей. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалау үшін бұған дейін егіншіліктен ауылы алыс болған аралдықтар тыңнан түрен салуы қажет.    

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

– Қуаңшылық қайталанбауына ешкім кепіл беріп жатқан жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытудың 3 жылдық жол картасын қабылдаған болатынбыз. Соның негізінде биыл 800 га егін орналастырамыз деп отырмыз. Бұл егінмен аудандағы 23 ауылдық округінің тек 11-і ғана айналысатын болады. 420 га мал азығын егуге бағыттасақ, қалғанын бақша өнімдері. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алған шарамыз.

Жоғарыда айтқан Көкаралға оралсақ, тоспаның сызат түскен 450 метрі тез арада жөнделмесе ғасыр жобасына баланған бөгет құрдымға кетпек. Гидронысанды жаңғырту арқылы теңіздің сыйымдылығын арттыруға болатын көрінеді. Ол САРАТС жобасының 2-фазасы аясында жасалмақ.    

Нұрлан Алдамжаров, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы:

– 27 млрд текшеге көлемін жеткізген кезде біз балық аулаудың көлемін 7 мың тоннаға дейін өсірдік. Әрі қарай егер 50 млрд жеткізсек, 2 есе балық аулау көбейеді, одан бөлек Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсартады. Сондықтан ол жобаның маңыздылығын ескеріп, қазіргі таңда 2-кезеңге кірісіп отырмыз.

Экологиялық апат шеңгелінен толық теңізді құтқару қиын. Бірақ Кіші Аралды сақтап қалу аймақ жұртының үдере көшпеуінің кепілі болмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев