Көкшетаудағы Қопа көлін тазарту жұмыстары келесі жылы басталады

Көкшетаудағы Қопа көлін тазарту жұмыстары келесі жылы басталады

Бұл туралы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір аталған жобаның сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ол дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өткен соң ведомства оны Қаржы министрлігінің қарауына ұсынбақ. Алдын ала болжам бойынша су айдынын тазалауға шамамен 12 млрд теңге қаражат қажет болуы мүмкін. Осылайша министрлік бұл іс 2023 жылы «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасының аясында жүзеге асырылады деп сендіріп отыр. Естеріңізде болса, Қопа көлінің ластанып кеткені жайлы біздің арнадан бұған дейін бірнеше рет көрсетілген болатын. Ал жергілікті билік өкілдерінің көлді тазалаймыз деп жүргеніне биыл 10 жылдан асты.

Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттамаларды осы жылдың аяғына дейін бітіріп берсе, онда келесі жылдан бастап сол құрылыс жұмыстарын бастаймыз деп енді жоспарлап жатырмыз. Негізі мына ПСД-ға кететін ақша 245 млн теңге қаражат керек болып жатыр. Қазір техника-экономикалық негіздемені түзету жасау үшін шамамен 25 млн әкімдіктен бөлінді. Сол қаражатқа қазір ТО-ға өзгерістер енгізіп жатыр.