Биыл өндіріс орнында 47 адам көз жұмды

Былтыр еңбек қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша 127 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

56 лауазымды тұлға атқарып отырған қызметінен босаған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы Ербол Нұрғалиев жариялады. Оның айтуынша, өндірістік қауіпсіздікті қамту мақсатында кәсіпорындардан 16 мыңнан астам кеңес құрылды. 3 мыңдай кәсіпорында өндірістік қауіпсіздік стандарты енгізілді. Мемлекеттік инспекторлардың тексеруі барысында 3550-дей заң бұзушылық анықталды. Оларға 325 миллион теңге айыппұл салған. Мәліметке қарағанда егер өндірісте жұмыс беруші тарапынан кемшілік кетіп, қайғылы жағдай болса, кәсіпорын иесі 3-5 жылға бас бостандығынан айрыылуы мүмкін. Егер екі не одан да көп адам көз жұмса, 7 жылға дейін сотталады. Жұмысшысына жағдай жасамағаны үшін темір торға қамалғысы келмегендер өндірістік жарақатты жасыратын кездер де аз емес.

Төлеген Оспанқұлов ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы:

– Өкінішке қарай, құқық бұзу фактілері, жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері бар. Еңбек кодексіне арнайы норма енгіздік. Егер кез келген азамат травматология бөліміне немесе басқа медициналық бөлімге түскен кезде, қандай да бір ұйыммен еңбек қатынасында екенін айтса, медицина мекемесі үш күннің ішінде ол жұмыс істейтін ұйымға, мемлекеттік органдарға, мемлекеттік еңбек инспекциясына және туыстарына бұл жайында міндетті түрде хабарлауға тиіс. Яғни бүгінгі күні жазатайым оқиғаларды жасыру өте қиын.

Айта кетейік жыл басынан бері өндіріс кезінде 47 адам көз жұмды. 300-ден астам адам түрлі жарақат алған. Жазатайым жағдайға жұмыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамағандар және тасымал саласында жұмыс істейтіндер жиі ұшырайды. Мәселен, жарақат алу деректері, әсіресе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан Қостанай Павлодар облыстарындағы кәсіпорындарда жиі қайталанады. Былтыр ел бойынша 200 адам жұмыс орнында көз жұмған.