ШҚО-дағы орман өрті 100 гектар жерді шарпыды

Шығыс Қазақстан облысында екі орман өртеніп жатыр. Құлынжы табиғи қорығының аумағында тілісіз жау 100 гектардай жерді шарпыған.

Өрттің тез таралуына ауа райының қолайсыздығы әсер еткен. Мұнда екпіні секундына 7 метрге жететін жел соғып тұр. Сондай-ақ Асубұлақ орман шаруашылығының аумағында да 50 гектардай жерді жалын шарпыған. Тілсіз жаумен күреске МИ-8 тікұшағы  жұмылдырылды.

Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, елді мекендер мен ауыл-аймаққа төнген қауіп жоқ.

Жадыра Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД бас маманы:

- Өрт сөндіруге ШҚО ТЖД, жергілікті атқарушы органдар мен орманшылар жұмылдырылған. Бұл жерде барлығы 50 адам мен 9 техника жұмыс істеуде. Өрт сөндіруді соққан жел мен жақын маңда судың болмауы қиындатуда. Екінші учаске бұл Асубұлақ орманының аумағында. Бұл жерде 149 адам мен 28 техника жұмыс істеуде. Өскеменнен осы жерге көмекке бару үшін екі суағары бар тікұшақ жұмылдырылған.