Ақмола облысында өрт сөндіруге заманауи технологиялар қолданылады

Орманшы-құтқарушылар тоғай алқаптары мен саяжайларды ұшқышсыз көкке самғайтын құрылғы көмегімен бақылап отырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол арқылы табиғи өрттің тұтану ошағы мен қасақана от қою деректерін  дереу анықтап, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік аламыз,- дейді сала мамандары. Дауыстық дабыл қағу жүйесімен жабдықталған дрондардың тиімділігі іс барысында дәлелденді. Мәселен Степногорск, Ақкөл, Бурабай, Бұланды, Зеренді және Сандықтау аумағында тұтанған қызыл жалын жаңа техника арқылы анықталып отыр.

Манарбек Шапағатов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

Ақмола облысында «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің әуедегі 3 тобы Зеренді, Бурабай және Ақкөл аудандары мен 7 тоғайлы аумақты бақылайды.  Өрт тұтану қаупі жоғары кезең басталғалы 214 рейд ұйымдастырылып, қауіпсіздік талаптарына салғырт қараған 41 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 31 азаматқа 827 мың теңге көлемінде айыппұл салынса, қалғандарына ескерту берілді.