Қазақстанда мұнай жеткізу схемасы қайта қарастырылады

Қазақстанның ішкі нарығында мұнай сату схемалары қайта қарастырылады. Яғни енді жер қойнауын пайдаланушылар қара алтынды өңдеу зауыттарына тікелей өздері жеткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет кеңесінде осындай ұсыныс жасады. Оның айтуынша, бұл қадам саладағы делдалдарды шеттетуге мүмкіндік береді. Жиында шаруаларды арзан дизельмен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.

Осы орайда жанармайды бөлу кезінде тепе-теңдікті сақтау үшін арнайы электронды-ақпараттық база құрылады. Үкімет мүшелері елдегі отынды сыртқа шығаруға шектеу қойып, бұған жол беретіндердің жауапкершілігін арттырады. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтылған дүниелерді мақұлдап, барлық мүдделі тараппен бірге пысықтауды тапсырды.