ҰОС-да қайтыс болған Әділбек Күзембаевтың жерленген жері табылды

Айшагүл Күзембаеваның әкесі Әділбек Күзембаев 1941 жылдың тамызында Қызылорда қаласынан соғысқа аттанған. Ал 1943 жылдан бастап із-түзсіз жоғалған жауынгерлер қатарына қосылған. Әкесі майданға кеткенде Айшагүл небәрі бір жаста ғана болыпты. Ол – кейінгі жылдары қан майданда хабарсыз кеткен әкесі туралы қандайда бір мәлімет алу үшін Қызылорданың әскери комиссиариаттарына бірнеше мәрте сұрау салған. Бірақ нәтиже болмапты. Алайда Айшагүл апай  аялы арманына өткен жылдың күзінде қол жеткізді. Украинаның Житомир облысынан жауынгер Әділбек Күзембаевтың жерленген жері табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айшагүл Күзембаева, майдангердің қызы:

Ең бірінші Ляпина деген поселокқа бәрін жерлеген. Кейін жаңағы бөлек алып, мына Иосивкаға қайтадан жерлеген. Аяғынан рениение алған, сол жарақаттан қайтыс болған деп жазған.

Айшагүл апайға әкесі туралы мәліметтерді табуға волонтер-журналист Әсел Асқарқызы көмектескен. Өткен жылдың қараша айында Украинаға бірге барып, Әділбек Күзембаев жерленген Бауырластар зиратынан бір уыс топыраған туған жерге әкеліпті. Киев қаласындағы тарихи мұражайдан табылған мына құжат қызылордалық боздақ туралы мәліметтерді растай түседі. Бүгінде сексеннің екеуіне келген майдангердің қызы «Батырларға тағзым» атты сайтқа да әкесі туралы мәліметтерді енгізуді көздеп отыр екен. Келешек жас ұрпақ үшін бұл бастаманың маңызы зор,-дейді кейуана.

Айшагүл Күзембаева, майдангердің қызы:

Сайт ашылды дегенге мен өте қуаныштымын. Рақмет айтамын. Өте дұрыс, оны мынау халықтың көңілінде жүрген, жүрегінде жүрген нағыз қажет.

Әкесінің жерленген жерін тауып, туған жерге бір уыс топырағын жеткізсем деген бала арманы араға 79 жыл салып орындалды. Жеңісті жақындатқан жауынгер ұрпағына облыс әкімдігі сый-құрмет көрсетіп, Жеңістің 77 жылдығымен құттықтады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов