Бүгін Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды

Әлихан Смайылов алдымен жақында ашылған электротехникалық зауытқа барып, өндірісті көрді. Кәсіпорын жылына 13 мың трансформатор шығарады. Сонымен қатар премьер наурыз айында апат болған жылу электр орталығына соғып, жұмыс жоспарын білді. Қазір кәсіпорынның 6 қазандығын жөндеуге 8 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан кейін Үкімет басшысы көктемгі дала жұмыстарымен танысып, диқандарға еңбек өнімділігін арттыруды тапсырды. Солтүстік Қазақстан әртараптандыруда көш бастап тұрған, елдің басты астықты өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Мұнда майлы дақылдардың егіс алқабы шамамен 1 млн гектарға жеткен.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

– Субсидиялауға келетін болсақ, мұндағы басты міндет – өнімділікті арттыру, яғни республикалық бюджеттен бөлінген әрбір теңге өнімділікті ынталандыруға бағытталуы тиіс. Осы орайда біз жергілікті атқарушы органдарға өңірдің ерекшелігіне және жағдайға байланысты субсидиялардың өзге де түрлерін беруге құқық береміз. Қалай болғанда да, субсидиялаудың жаңа тәсілдері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сіздермен бірге қабылданады.