Павлодарда рұқсат етілмеген жерлерге үй салу қалыпты жағдайға айналып барады

Павлодарда рұқсат етілмеген жерлерге үй салу қалыпты жағдайға айналып барады

Аймақтың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы осындай  үш деректі анықтады. Қазір заңсыз  құрылыстар тоқтаған. Біреуіне сот жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұның бір сорақысы элиталық үйдің құрылысы инженерлік-коммуналдық желілердің үстінен өтеді. Бұған шағын ауданның тұрғындары наразы. Бұл жер телімі ұзақ жылдар бойы автокөлік тұрағы болып келген. Өткен жылы тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқын алды. Жергілікті тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Халықтың шағымынан кейін тексеру жүргізіліп, заңсыз құрылыс тоқтатылды.

Пётр Андреев, қала тұрғыны:

– Бұл – қала құрылысын салу заңына сай келмейтін өрескел қателік. Өздігінен құрылысты бастағаны үшін бір рет айыппұл  салынды. Соған қарамастан жұмыс жалғасып жатыр. 

Тұрғындар инженерлік желілер қосымша салмақты көтере алмайтынын айтады. Оның үстіне тұрғын үй кешені су және кәріз құбырларының үстіне салынып жатыр.

Екатерина Иванова, ПИК төрағасы:

– Мына үй екі құбырдың үстінде бой көтереді. Ол біздің шағын аудандағы барлық үйлердің кәріз сулары жүретін құбыр. Мұның арты экологиялық апатқа әкеледі.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Бұл №16-шы кәріз су тарту бекеті. Отызыншы шағын аудандағы барлық көпқабатты үйлердің сарқынды шаруашылық сулары осында келеді. Ал мына құрылысы басталған жаңа екі үйдің жанынан екі бірдей кәріз құбыры өтеді екен. Оның біреуі фундаменттің астында қалыпты. Егер де қандай да бір коммуналдық апат болып жатса, оны жою қиынға түседі. Бұл жерде көпқабатты үйлер ғана емес мектеп және балабақша бар.

Тұрғындардың шағымынан кейін сарапшылар құрылыс алаңына бірнеше мәрте барған. Нәтижесінде жұмысты тоқтатты. Қазір іс соттың қарауында. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы, құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат бермегендерін жеткізді.

Мадияр Иманханов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Біз бірталай кемшіліктерді анықтадық. Мәселен, жобаның құрылыс талаптарына сай келмеуін атап өтуге болады. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату туралы қалалық соттың шешімі шықты.

Құрылыс компаниясының өкілдері қарап отырған жоқ. Олар қолдарындағы инженерлік желілерді құрылыс алаңынан басқа жерге көшіру туралы жобаға сүйенеді. 

Асылбек Нұрғалиев, сараптамалық ұйымның сарапшысы:

– Эксплуатациялық ұйымдар, оның ішінде «Павлодарсуарнасы» желілерді көшіру туралы жұмыс жобасын мақұлдады. Бәрі заң нормалары шеңберінде жасалған.

Дмитрий Башкиров, «Павлодарсуарнасы» ЖШС бас инженері:

– Желілерді көшіру ісін жер телімін мақсатты пайдалануға өзгерістер енгізбей тұрып жүзеге асыру керек. Алдымен жерді рәсімдеп, желілерді шығарып алғаннан кейін барып көппәтерлі үй құрылысын бастауға болатын еді.

Жер телімін мақсатты пайдалануға өзгерістер енгізу кезінде коммуналдық қызметтердің өзара келісімі болды ма? Ол жағын сот анықтайды. Өз кезегінде қалалық сәулет бөлімі ондай ақпарат алмадық деп сендірді. Ал кәріз су тарту бекеті санитарлық-қорғау аймағына жатады. Сондықтан айналасына, яғни 50 метрлік шеңберде  ешқандай құрылыс жүргізуге болмайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков