Атырауда парақор шенеуніктерге сот үкімі шықты

Атырауда парақор шенеуніктерге сот үкімі шықты

Бүгін Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровқа сот үкімі шықты.

Оларға қызмет бабын пайдаланып, аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылған еді. Облыстық әкімдіктің екі лауазымды тұлғасы Құлсары қаласындағы аурухана құрылысын жүргізген мердігер мекемден аса ірі көлемде пара алу кезінде ұсталды. Олар мердігер мекеме басшысының орынбасарынан келісім-шарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Таубаев пен Басаровты қылмыстық топты сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің қызметкерлері пара алу үстінде ұстады. Ұсталған кезде олардан  423 мың 900 АҚШ доллары және 5 млн теңге мөлшерінде ақша тәркіленді. Бүгін екі адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелеріне үкім шықты.

Зарема Хамидуллина,  обл. қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы:

- Сот шешімімен Таубаев Нұрлан Бақтыбайұлын ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігі бойынша айыпты деп тауып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Басаров Тимур Кенжеғалиұлына ҚР ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі және 366-баптың 4-бөлігімен айыпты деп танып, оған 55-баптың 4-бөлігін қолдана отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.