Риддердегі орманның орнын оңдырмайтын түрі бар

Риддерде былтыр орман өртеніп, ағаш сиреп қалған еді. Биыл соның қалғанын отап жатыр. Қоғам белсенділері осылай деп ашынады.

Олардың айтуынша, орманшылар қураған ағашты ғана емес, жас өскіндерді де кеседі. Бұған дәлеліміз де, дәйегіміз де жеткілікті деген табиғат жанашырлары орманшылар мекемесін бастан аяқ тексеруді талап етіп отыр. Бұған табиғат қорғау қызметкерлері не дейді? 

- 10 мая 2021 года был большой пожар в городе Риддере, по всем технологическим требованиям, абсолютно по всем, горельник должен быть вырублен в 1 год. 

Өткен жылғы мамырда Риддер қаласында 200 гектардан астам орман алқабы жанып кеткен болатын. Қазір ол жерде күйген ағаштар қаптап тұр. От тиген желектер сол жылы жиналу керек еді. Алайда сол қалпы қалған. Енді қатты ыстықта кішкене шоқ тисе болды қайта лап ете түсуі мүмкін дейді қоғам белсендісі Ольга Кайгородова. 

Ольга Кайгородова, заңгер: 

- Биыл бүкіл жарамды ағаштарды кесіп әкетті. Алдымен неге қураған, күйген  талдарды тазаламайды? Соны біз түсіне алмадық.

Жалын шарпыған ағаштардың сол күйі тұрғанынан табиғи ресурстар басқармасы да хабардар.

Айтуларынша, онда тұрған ештеңе жоқ. Барлығы жоспар бойынша жүргізіліп жатыр деген уәж айтады. Келесі жылы бұл алқапқа жаппай көшет отырғызылмақ. Дегенмен, бұл жауап жергілікті белсенділердің көңіліне қонбады. Салғырттық көп. 20 жыл орман саласында  еңбек еткен Наталья Денисованың сөзінше,  санитарлық отауға жататын аумақ шекарасы нақты белгіленіп, көрсетілмеген.

Наталья Денисова, қоғам белсендісі:

- Мына бағаналар кесілетін ағаш бағытын көрсетеді. Бұл жерге  қатты қағылып, мықты орналасу  керек әрі осы аумақ туралы толық ақпарат болуы қажет. Ал мында түк жоқ.

Табиғи ресурстар басқармасы алқапта ешқандай заң бұзушылық болып жатқан жоқ деген пікірден таймады. Мұндағы жаппай санитарлық кесу шарасы кейін қылқан жапырақты орманды қалыпқа келтірудің бір амалы дейді. Күйген ағаштардың неліктен уақтылы жиналмауын да  түсіндірді. Айтуынша, орман өртінің себебін анықтау сұрақтарымен жүгіріп жүріп, ол жұмыс осы күнге дейін созылып кетіпті.

Мұрат Құсайынов, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Бар шығар бір нарушениелер енді бар шығар, нарушениесіз болмайды, бірақ былай кесіп жатқан жұмыстар дұрыс деп ойлаймын, бұны біз түгел жойып бұл ағаштардың бәрін алып жерді дайындауымыз керек. Келесі көктемде қарағай отырғызуымыз керек.

Бұл бейнежазба авторлары тағы бір өзекті жайтты көтерген. Олар электр қуатын тарату желісі салынған кезде ағаштарды кесу аумағы ескерілмеген дейді. Жалпы осы және өзге де кемшіліктер бойынша енді Риддер орман шаруашылығы мекемесін тексеріс күтіп тұр. Ревизия бұл мекемеге тамыз айында белгіленген болатын, алайда арыз-шағымның көбейіп кетуіне орай келесі айда жүргізіледі. 

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин